Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын бұзу деректері азайған
2022 жылы Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкіліне заңбұзушылықтар бойынша 11 арыз-шағым келіп түскен. Соған сәйкес, қызметтік тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 7 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Мұнан бөлек, 31 мемлекеттік қызметшіге әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша заң аясында тәртіптік шара қолданылған. Оның ішінде 27-сі аудан, қаладағы жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан болған. 2021 жылмен салыстырғанда 17-ге немесе 49%-ға төмендеген. Ал сыбайлас жемқорлыққа байланысты 17 мемлекеттік қызметшіге қылмыстық іс қозғалып, 326 маманға әкімшілік айыппұл салынған.
Әдеп жөніндегі уәкіл Мақсат Исаевтың айтуынша, 2022 жылғы жұмыстар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысымен келісіліп, аппарат басшысының бекітілген жоспарына сай атқарылған. Былтырғы жылдың 11 ай қорытындысы бойынша Түркістан облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жиын өткізіліп, атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасалды.
Былтыр Әдеп Кодексіндегі өзгерістерді, әдеп нормаларын бұзу фактілерінің алдын алу, құқық бұзушылықты жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және азайту мақсатында жалпы 83 семинар-жиын өткізілген. Оның ішінде облыстық басқармаларда – 25, қалғаны аудан, қалаларда ұйымдастырылған. Жергілікті жердегі семинар-жиындардың 32-і ауыл және кент әкімшіліктерінде өтті.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалымен бірлесіп, мемлекеттік қызметке жаңа келген жас мамандармен мотивациялық кездесулер, қайта даярлауға қатысушы мамандарға әдеп нормалары жөнінде 8 рет лекция оқыту іс-шарасы өткізілді.
Облыс әкімінің Әдеп жөніндегі уәкілінің жеке кестесіне сәйкес, аудан және қалаларда жеке қабылдаулар өтіп, 40-тан астам азаматтың өтініші назарға алынды. Сондай-ақ сымтетік байланысы арқылы 10 азаматқа консультациялық кеңестер мен түсіндірмелер берілді. Ал жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссияларына мемлекеттік қызметшілердің заңсыз іс-әрекеттері, тәртіптік теріс қылықтарына байланысты 567 хабарлама келіп түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 76%-ға азайған.
Қызметтік әдеп нормаларының сақталуы, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін талдау мақсатында жасырын сауалнама жүргізіліп, 3200-ге жуық штаттық қызметші қатысты. Сауалнама нәтижесінде моральдық-психологиялық ахуал тұрақтылығын көрсетті. Бұл шаралар ұжымдағы қызметкерлердің өзара қарым-қатынасын жақсартуға және құқықтарын қорғауға септігін тигізеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі