Түркістан облысында халық саны 2 млн 116 мың адамға жетті
Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанова мәлім етті.
Бүгінде Түркістан облысы халық саны бойынша республикада алдыңғы қатарда, өңірде ел тұрғындарының 10,7% тұрады.
Гүлнар Темірболатқызының айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында Түркістан облысы халқының саны 2 116 450 адамға жеткен. Оның ішінде қала халқы 517981 адамды, ауыл халқы 1 598 469 адамды құрады. Яғни, 100-ден 75,5%-ын ауыл халқы құрап отыр. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны 43 мың 646 адамға немесе 2,1% өскен.
Бір жыл ішінде өңірде 53 123 сәби дүние есігін ашқан. Аталған мерзімде 27137 ұл және 25986 қыз туылған. Облыс бала туу бойынша республика деңгейінде көшбасшылардың қатарында тұр, оның үлесі 14,4% құрады.
Жалпы, елімізде бір жыл ішінде халықтың табиғи өсімі 268,8 мың адамды құрады. Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1000 тұрғынға 27,75 адам), Түркістан (27,23) облыстарында және Шымкент қаласында (26,34) байқалды.
«2022 жылғы қаңтар-қарашада көші-қонмен Түркістан облысына келген халықтың саны 27631 адамды (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда) құрады, оның ішінде 27094 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 515 адам – ынтымақтастық елдерінен, 22 адам — алыс шет елдерден келгендер. 2021 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда Қазақстанның басқа облыстарынан келгендердің саны – 11,8% артты, ТМД елдерінен келгендердің саны – 29,7% өсті. Облыстан кеткендердің саны 43857 адамды құрады (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда), оның ішінде 43582 адам – Қазақстанның басқа облыстарына, 248 адам – ынтымақтастық елдеріне, 27 адам – алыс шет елдеріне кеткендер», — деді департамент басшысы.
Айта кетсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 765 004 адамды құрады. Бұл ретте қала халқы 12 млн 208 мың 200 адамды, ауыл халқы – 7 млн 556 мың 700 адамды құрады. Статистика көрсеткендей, халық саны табиғи өсім есебінен 268 791 адамға өсті. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 261 845 адамға артты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі