Түркістан: Орта Азияда мәдениет, әдебиет, туризм, экология салаларындағы байланыстар нығаяды

0

Түркістанда өткен Орта Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп көршілес елдер арасында рухани-мәдени байланысты нығайту мәселесін көтерді. Алқашқы Парламентаралық форумды қабылдаған Түркістан қаласының тарихи орнына тоқталды.

– Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы. Түркістан – бәріміздің қасиетті ордамыз. Бұл жерден Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби шыққан. Әл-Фараби еңбектері еуропалық қайта өрлеу дәуіріне үлкен әсер етіп, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларын байланыстыруға дәнекер болды. Қазақ халқының көрнекті өкілі, ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Ясауи осы топырақта дамылдап жатыр. Бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани хикмет» еңбегі Ыстамбул, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматы қалаларында сақталған, – дей келе бірқатар ұсынысын жеткізді.

– Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі тереңдете дамыту үшін жоғарыда есімдері аталған және өзге де тарихи тұлғалар туралы көркем фильмдер, түрлі сериалдар түсіру керек. Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің біртұтас жоғары білім кеңістігін құру туралы декларацияны басшылыққа ала отырып, ЖОО арасында тәжірибе алмасу, студент жастарды оқытуда бірлескен квоталарды көбейту қажет. Мүдделес мемлекеттермен экологиялық проблемаларды, әсіресе Арал апат аймағын кешенді түрде зерттеу және денсаулық сақтау саласындағы бірлескен ізденістер мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жандандырған жөн, – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор сонымен бірге, Орталық Азия мемлекеттерінің туризм саласы бойынша мемлекеттік басқармалары мен туристік компаниялары арасында тығыз ынтымақтастықты күшейту, туристік қызметті дамыту, баспа материалдарымен, фильмдермен алмасу, жарнама компанияларының жұмысын үйлестіру, этнографиялық фестивальдар мен түрлі конференция, семинар, көрме, жәрмеңке, роуд-шоуларды бірлесіп өткізуді ұсынды. Сондай-ақ Орта Азия мемлекеттерінің әдебиет пен өнер өкілдері арасындағы байланысты жандандыру, театр-кино фестивалдарын және спорт сайыстарын, әр елдің халықаралық деңгейде танымал ақын-жазушыларының шығармашылық кештерін ұйымдастыру, мәдени онкүндіктер және Наурыз секілді ортақ ұлттық мерекелерді тойлау мен өткізу арқылы біртұтас мәдени-тарихи кеңістікті қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Айта кетейік, Түркістан төріндегі Орта Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумында 5 мемлекеттік қатысуымен Түркістан декларациясы қабылданды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ