Министрдің қатысуымен Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жолдары зерделенді
Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.
Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды.
Тараптар талап-тілегін ортаға салды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады.
— Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды, — деді ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
— Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15 % ғана қайта өңделеді.
Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық
4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР АШМ ұсыныс енгізілді.
Арнайы делегация Мақтаарал индустриалды аймағында орналасқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты өткен жылы іске қосылған. Жоба құны — 2,5 млрд теңге. Жылына 65 мың тонна мақтаны қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысында 126,3 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 360 мың тоннадан астам шитті мақта жиналды.
ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияға Түркістан облысында жүзеге асатын бірнеше ірі жобалар таныстырылды.
Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады. Мақтааралдағы индустриялды аймақта сондай-ақ,
тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі