Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының І пленумы өтті

0

Түркістанда Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының кезекті І Пленумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, облыстық басқармаларының басшылары, аудандық, қалалық «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары қатысты. Жиынды жүргізген Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов аталған ұйымның 2022 жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы баяндады.

– Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің негізін 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестеріне біріктірілген 536 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымдары құрайды. Онда 140855 ардагер есепте тұрады немесе облыстағы зейнеткерлердің 78,4%. Ардагерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 8706 адамға көбейіп, бастауыш ардагерлер ұйымы 528-ден 536-ға жетті. Осы есепті кезеңде облыстық ардагерлер кеңесінде 2 Пленум, 8 төралқа мәжілісі, 5 дөңгелек үстел, 18 семинар, 5 ардагерлер жиыны өткізілді. Онда жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салты, елдің ынтымағы мен бірлігі, ардагерлердің әлеуметтік жағдайлары және өзге де өзекті мәселелер қаралды. Облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан қабылданған «Ата-баба дәстүрі, ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында негізгі 8 бағытта жұмыстар жүргізілді, – деді Ж.Мәуленқұлов.

Ұлттық және адами құндылықтарды әрбір отбасына сіңіру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, дау-дамайды шешу мақсатында 902 мектепте «Әкелер мектебі», 528 елді мекенде «Әжелер алқасы» жұмыс істеп келеді. «Дәнекер» пилоттық жобасы бойынша 21 кәсіби, 399 қоғамдық медиатор-ардагер танымдық-тәрбиелік жұмыстар жүргізіп жүр. Нәтижесінде 57 іс сотқа дейін бітіммен аяқталып, 1276 әр түрлі дау оң шешімін тапты.

Ардагерлердің өмір сүру сапасын арттыру, салауатты өмірін ұзарту, қарттардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту және қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылуда.

Қабылданған іс-шаралар жоспарының аясында Арыс, Кентау, Түркістан қалаларында, Жетісай (2 орталық), Келес, Түлкібас, Ордабасы, Шардара, Созақ, Отырар, Төлеби, Мақтаарал аудандарында жаңадан ғимараттар салынды және бұрынғы тойхана, мейрамхана ғимараттары «Ардагерлер орталығы» болып қайта жаңғыртылды. Бұл орталықтарда ардагерлер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, емделуге, демалуға, түрлі ойын, спортпен айналысуға жағдай жасалған. Бұл бастама қалған аудандарда жалғасын табатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ел бірлігін сақтауда, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда ел ағаларының, ақсақалдар мен ардақты әжелердің қосар елесі мол екенін айтты.

– Жасы үлкенді сыйлау, қадірлеу, құрмет көрсету – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Елімізді дамытуда, Түркістан өңірін өркендетуде, жастарды тәрбиелеуде осындағы ел ағаларының қосқан үлесі мол. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарында Түркістанға тарихи және мәдени елорда мәртебесін беру бастамасын көтерді. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Түркістанды рухани орталыққа айналдыру ісінде сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, салмақтарыңыз сезіліп тұруы тиіс. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы қазыналы қарияларымыздың еңбегін жоғары бағалайды және аудандарды аралау барысында үнемі пікірлерін, кеңестерін тыңдайды. Бүгінгі жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Аға буынға қолдау көрсету жалғасады, – деді Б.Тәжібаев

Жиын соңында Пленумның қаулылары қабылданды. Ардагерлер қозғалысының дамуына, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосқан 9 ардагер «Түркістан облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, үздік бастауыш ардагерлер ұйымдарына, аудандық кеңестерге, «Әкелер мектебіне», «Әжелер алқасына» Алғыс хаттар тапсырылып, сый-сияпат жасалды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ПІКІР ЖАЗУ