Министр 122 әлем чемпионы шыққан Шардараның тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі етуді тапсырды

0

Түркістан облысы, Шардара ауданынан 2001-2022 жылдар аралығында спорттың 8 түрінен 122 әлем чемпионы шыққан. Бұл ретте «Шардара-Армспорт» клубының үлесі айрықша. Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы Шардара ауданына барып, шардаралық бапкерлер мен саңлақтармен жүздесті.

Республикада көш бастаған «Шардара-Армспорт» клубының жұмыстарымен жан-жақты танысып, клубтың жарқын жетістіктерін республика көлемінде дәріптеп, басқа да өңір спортшыларына тәжірибе, үлгі ретінде көрсету керектігін айтты. Шардаралықтардың ғаламат жетістіктеріне алғысын айтып, жоғары бағасын берді.

Бүгінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен өңірде спорт нысандары көбейіп, Түркістан қаласында заманауи кешендер салынды. Осыған тоқталған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңір спортшылары Париж Олимпиада ойындарының іріктеу додаларына дайындалып жатқанын жеткізді.

Кездесуде Түркістан облысы спортшыларының қол жеткізген жетістіктері мен ауыл, аудан спортын дамыту бағытында атқарылып жатқан тындырымды тірліктер баяндалды.

Айта кетерлігі, биыл қол күресі спортынан алты құрлықты тізе бүктірген «Шардара Армспорт» спорт клубына 26 жыл толып отыр. Ең алғаш армрестлинг спортының дамуына ерекше үлес қосқан азамат Арман Қарсыбаев екенін көпшілік жақсы біледі.

Қазіргі таңда «Шардара Армспорт» клубында 500-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттығады. Мұнда қол күреспен қатар гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, семсерлесу, найза лақтыру, ядро лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг сынды бірқатар спорт үйірмелері жұмыс істейді. Клубта 8 жастан бастап, ақысыз түрде кез келген адам спортпен айналыса алады. Сондай-ақ мұнда жаттығатын балалар үшін тасымалдаушы автобустар қарастырылған.

Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қол күресінен «Шардара Армспорт» клубынан 102 әлем чемпионы, әлем чемпионатының 99 жүлдегері мен Әлем кубогының 26 иегері, 209 Азия чемпионы тәрбиеленді. 500 өрен Қазақстан чемпионы атанды. Бүгінде елімізге танымал «Шардара-Армспорт» клубында білікті де білімді 35 жаттықтырушы жұмыс істейді.

Министр жиын соңында Шардарадағы «Спортшылар аллеясына» көшет егіп, осы ауданнан Олимпиада чемпионы шығатындығына сенім білдірді. Өрендерге сәттілік тіледі.

Бүгінде Шардара ауданында 1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 жекпе-жек және күш спорт түрлері бойынша спорт клубы, 1 күш спорт түрлерінен спорт клубы, 1 мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясы қоғамдық бірлестіктері, жалпы 7 спорт мекемесі жұмыс істейді. Аталған спорт мекемелерінде спорттың 27 түрінен 261 жаттықтырушы 6000 сайыпқыранды додаларға дайындап жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ПІКІР ЖАЗУ