Түркістан: Министр Отырар ауданындағы мәдени нысандарды аралады
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысы, Отырар ауданына арнайы іссапармен барды. Мұнда министрмен бірге облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов бастаған азаматтар алдымен Арыстан баб мавзолейі мен қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесіне барып, құран бағыштады. Сонымен қатар архитектуралық ескерткіштердің жай-күйімен танысты.
Жұмыс сапары барысында ортағасырлық Отырар қаласына да ат басын бұрып, ондағы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде ашылған нысандармен және оларға жүргізілген реставрациялық жұмыстарды бақылады. Ашық аспан астындағы мұражайға айналған көне Отырар қаласындағы нысандармен танысу барысында аудандық мәдениет бөлімі мен музей қызметкерлерінің 16-17 ғасырдан сыр шертетін театрландырылған көріністерін тамашалады.
Айта кетейік, көне Отырар қаласына 2020-2022 жылдар арасында үш жылдық жоба бойынша археологиялық және реставрациялық жұмыстар жүргізілген болатын. Нәтижесінде археологтар Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған Ханакасының, XV ғасырға тән Сағаналы кесененің орнын тапты.
Қалаға «Жарақты» қақпасы арқылы кірген тұста тұрғын үйлер мен қыш шеберханасы бар кешен табылды. Сондай-ақ ескерткіштерді сақтау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Отырар қаласының аумағында бейнебақылау камералары орнатылды. Көшелер электр шамдарымен жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер мен электрокарларға арналған жолдар салынған еді.
Мұнан соң министр Асхат Оралов Отырар қалажұрты жанындағы Сапар орталығында болды. Сапар орталығының экспозициясымен және әл-Фараби залдарын аралап, туристер санын арттыру керектігін жеткізіп, бірқатар тапсырма жүктеді.
Аудандағы сапар қазақ вальсінің королі, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов ауылымен қорытындыланды. Онда 2020 жылы ашылған Шәмші Қалдаяқов музей-үйіне барып, Шәмшінің өзі пайдаланған жеке заттары мен ұста болған әкесі Қалдаяқ жасаған музей экспонаттарын көрді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі