Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады

0

Сарыағаш ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынады. Сонымен бірге ауданның инфрақұрылымын жақсарту, жұмыс орындарын ашу бағытындағы жоспарлар жалғасады. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.

– Мемлекетті дамытатын жастарды тәрбиелеу үшін білім саласына айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Былтыр Сарыағаш ауданында 4 мектептің құрылысы аяқталды. Биыл 3 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, былтыр 11 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,1 млрд. теңге қарастырылып, жұмыстар жүрді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында Сарыағашта 10 мектептің құрылысы жүреді. Ауданда кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік жоғары. Географиялық тиімді аймақта орналасқан. Агросаланы дамытуға әлеуеті жетеді. Жуырда ірі инвесторлармен кездестік. Олар Сарыағаш ауданында бірнеше жобаны ұсынып отыр. Әкімдердің жұмыс көрсеткіші инвестиция тарту, кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашумен өлшенеді. Аудан әкімі осы бағытта жұмысты күшейтуі тиіс, – деген Дархан Сатыбалды жылыжай шаруашылығына да қолдау күшейетінін, шаруаларға көмір жеткізу ісі жүйеленетінін, облыс әкімдігі тарапынан осы бағытта жұмыстар жүріп жатқанын да атап өтті.

Кездесуде тұрғындар мектеп салу, жол жөндеу, кәріз жүйесін реттеу, көпірді жөндеу, газ бен су, стадион салу мәселелерін көтерді. Жеке қабылдауда да өзекті түйткілдер тарқатылды. Облыс әкімі Сарыағашта орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу бойынша жұмыс атқарылатынын, 14 көпқабатты үй болашақта орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатынын айтты.

Ал, қазір көпқабатты үйлерді ертерек пайдалануға беру мақсатында уақытша 3 септик орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге аудандарда қолданылмай жатқан жайылым жерді халыққа ортақ пайдалануға беру бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. Газ мәселесі де назарда тұрғанына тоқталды. Әрбір өтініш пен ұсыныс хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүреді.

Былтыр облыс басшылығының тұрғындармен кездесуінде сарыағаштықтар көтерген мәселенің біразы шешімін тапты. Атап айтсақ, Сарыағаш қаласындағы Майлықожа көшесінің жолына 130 млн. теңге қаралып, жөнделді. Жылға елді мекеніндегі С.Сейфуллин атындағы №12 жалпы орта мектепке бюджеттен 539 млн. теңге қаралып, 150 орынды қосымша ғимараты тапсырылды. Былтыр 1,6 млрд. теңгеге 38 ішкі жолға (40 шақырым) орташа жөндеу және 22 ішкі жолға шағал тас төсеу (43 шақырым) жұмыстары жүргізілді.

Осы жұмыс сапарында Дархан Сатыбалды «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанатына қатысты. Мұнда зейнет жасындағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ем алуына, тынығуына жағдай жасалған. Онда 14 маман жұмыс істейді. Орталықта күніне 70 зейнеткерге тиісті қызмет көрсетіледі. Ал, бір жылда 2500 ардагерге сауықтыру шаралары жүргізілмек. Бұдан бөлек, орталықта күніне 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік-сүйемелдеу қызметтерін көрсету жоспарланған.

 


ПІКІР ЖАЗУ