Түркістан: Кентаудағы өзекті мәселелер – депутат назарында
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласында жұмыс сапарымен болып, жергілікті халықпен кездесті.
Кездесуден кейін қала тұрғындарын арнайы қабылдап, жеке мәселелерімен танысты. Алғаш болып қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғыны Қызтумас Алдашүкірова Ы.Алтынсарин көшесі №11 үйдің апатты жағдайда тұрғандығын сөз етіп, жарықтарының жиі өшетіндігін, су мен кәріз жүйесінің ескіргендігін, тіпті кіреберістегі кірпіштері құзданып, құлауға айналғандығын жеткізді. Аталған мәселеге орай республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсынысын айтты.
Қоғамдық қабылдауда Кентау қаласының Құрметті азаматы Мираш Әшірова қаладағы М.Әуезов атындағы №22 мектебінің жанынан қосымша ғимарат салынуы қажет екендігін, оған мектептің ауласында жерде жеткілікті екендігін жеткізді. Ал, Құсшы ата ауылынан келген жергілікті тұрғындар бір ауылдың екіге бөлініп, оның бірі Кентауға, бірі Сауран ауданына қарайтындығын жеткізді. Нәтижесінде, жолдың екі жағындағы ауылды біріктіріп, Кентау қаласына қосу керек екендігін, сауалнама жүргізіліп жергілікті тұрғындардың 90 пайызы келісімін бергендігін түсіндірді.
Мәселелермен мұқият танысқан Ұласбек Сәдібеков барлық мәселені қойын дәптерге жазып алып, алдағы уақытта айтылған мәселелерді зерттеп, оң шешілуіне атсалысатындығын жеткізді.
Халық қалаулысы қоғамдық қабылдаудан кейін, қаладағы №5 ЖЭО жұмысымен танысты. Орталықты аралап, қазіргі жағдайын көрген Ұласбек Сәдібеков халықты қыстан қиналдырмай алып шығу керектігін айтып, бұл бағытта жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы керектігін тапсырды.
Бұдан бөлек, Ұласбек Сәдібеков қаладағы жөндеуден өтіп жатқан тұрғын үйлерді көріп, қоғамдық қабылдауда тұрғындар айтқан Ы.Алтынсарин көшесіндегі №11 үйде болып, тұрғындармен кездесті. Депутат өз сөзінде қалада туындаған мәселелерді Парламент қабырғасында көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізетіндігін айтты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі