Шымкент: Жолақысын қалтасына басқан 50 жүргізуші жұмыстан қуылды

0

Шымкенттегі қоғамдық көліктерде «Төлем» жүйесінің енгізілгеніне 3 жылдан асты. Алайда осы күнге дейін міндетті төлемдерді өтеуге қатысты проблемалар бар,- дейді мекеме басшылығы.

Мысалы бүгінге дейін ескертулерге құлақ аспай, жол ақысын қалтасына басқан 50- шақты жүргізуші жұмыстан қуылған. Көлік компания басшылары қолма-қол төлем жасағанда жолаушылар чек талап етсе, проблема өздігінен шешілетінін айтады.

Бақытжан Әбдуалиевтің жолаушылар тасымалымен айналысқанына 15 жыл болыпты. «Соңғы жаңашылдықтардан,»Төлем», кондукторсыз жүйеге үйреніп қалдым. Бастапқыда «Төлем» картасымен төлейтіндер аз болса, қазір жолаушылардың көпшілігі осы жүйеге өткен. Арасында қолма-қол төлем жасайтындар да бар» -дейді. №126 бағыттағы автобустың жүргізушісі.

Бақытжан Әбдуалиев, автобус жүргізушісі: «Чек береміз. Түрлі жағдай болады ғой сұрағанда береміз».

Ал жолаушылар, жолақысын қолма-қол ақшаға қарағанда төлем картасы немесе СМС, Кюармен төлеген ыңғайлы дейді.

Мадина Бабаханқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «№140,149 автобустармен жұмысқа барамын. Каспи арқылы төлеймін. Төлем картасы да жақсы. Кейбір кезде қолма қол төлем жасаймын чек талап етпеймін».

«Төлем» мекемесіндегілер қолма-қол төлем жасағанда жолаушылар чек талап етсе, ақшаны қолма-қол жинауды әдетке айналдырған көлік жүргізушілеріне тыйым болар еді. Өз тарапымыздан да шара көрудеміз» дейді.
Ерлан Нұрланұлы, «Төлем» мекемесі директорының орынбасары: «Бірнеше хат жазып тасымалдаушы компания басшыларына 50-дей көлік жүргізушісі жұмыстан шығарылды. Таңертеңнен валидаторлар өшірілген автобусқа 1 сағатқа мобильді топ 6 адамнан барып тексереді».

Маманның айтуынша 3 мыңға жуық валидатордың істен шыққан 500-ге жуығы жөнделген. Айта кететін жәйт, мекеме бүгінде 10 тасымалдаушы компаниямен келісімшарт негізінде жұмыс атқаруда. Төлем жүйесін енгізуге бюджеттен бір де бір тиын жұмсалмаған, бұл кәсіпкерлердің инвестициялық жобасы. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап кондукторсыз жүйеге өткен қоғамдық көлікте ерікті түрде төлем жасау жолаушыға жүктелген. Қолма-қол ақша болса, чек талап ету қажет.

Әлішер Төреқұлов, көлік компаниясы басшысының орынбасары: «Автобуста егерде жолаушы жолкіресін «Төлем» картасы, СМС, мобильді қосымша арқылы төлесе, онда 70 теңге төлейді, қолма-қол 100 теңге. Мүмкіндікті пайдаланып, жолаушыларды  қолма-қол төлегенде чек талап етугешақырамын».

Әріптесін 16 бағыт бойынша 233 автобуста жолаушы тасымалдайтын «Түркістан «көлік компаниясының өкілі қолдайды. «Өйткені, жүргізушілердің басым бөлігі өз міндеттерін өз деңгейінде орындауға тырысады. Ал бірқатары жол кіресінен табыс таппақ. Бұл жаман әдеттен арылтудың жолы- қолма қол ақша төлегенде чек талап ету керек»,- дейді сала мамандары


ПІКІР ЖАЗУ