Көліктерді заңсыз заңдастырмақ болған полицейлер анықталды

0

Елімізде шетелдік автокөліктердің құжаттарын тіркеп беремін деп халықты сан соқтырған адамдар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Заңсыз заңдастыруға қатысы бар полиция қызметкерлері бар екен жасырмаймыз. Бұдан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері заңсыз құжат жасаумен айналысқаны белгілі болды. Сондай-ақ алаяқтардың да бұл іске араласқаны анықталды. Қазіргі уақытта арнайы қылмыстық істер қозғалған. ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері қылмыстық істі тексеріп жатыр. Қылмыстық іс бойынша шешім қабылданады, барлығын жария етеміз, – дейді ол. 

Спикер алаяқтықпен айналысу деректері көп тіркелген қалаларды да атап өтті.

Бүгінде бұл қылмыстық іспен айналысуда көш бастап тұрған — Алматы қаласы. Бұдан кейін, еліміздің әр облысында осындай істер анықталып, күдіктілерді тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Бұған дейін елімізде 205 915 шетелдік автокөлік есепке қойылғаны анықталды.


ПІКІР ЖАЗУ