Индустриалды аймақтар сапалы инфрақұрылыммен қамтылуда

0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы экономикалық индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарды аралады. Қазір аймақтар инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтылуда. «Оңтүстік»арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн. метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады.

Қазіргі уақытта бұл жобаға ЖСҚ әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 млрд.теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды.

Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар.

Мұнда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, «Юг Ойл Про» битум зауыты, автоклавты газбетон өндірісі, ПВХ ішкі және кәріз жүйелерін, үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіру, шыны әйнек шығаратын зауыт, темірбетон өндіру ісі қолға алынған.

Жоспар бойынша аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, толық іске қосылуына мүмкіндік беріледі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ