Депутат пен кәсіпкер төбелесіп қалды
Қазығұрт ауданында депутат кәсіпкерді соққыға жыққан. Оқиғаның қалай болғаны туралы редакция тілшісіне жәбірленушінің өзі айтып берді. Аудандық мәслихат депутаты Яссауи Мүслім ауылдасы Мұстафа Әлжановты жұрттың көзінше сабаған көрінеді. Ортадағы келіспеушілікке кәсіпкердің малы себеп болыпты. Тұрғындар кәсіпкердің 150 бас ірі қараны ауыл ішіндегі қораға әкелуіне қарсы болған. Кейіннен бұл іске депутат араласып, соңы төбелеске ұласқан.
Түркістан облысында кәсіпкер мен депутат арасында төбелес шықты. Оқиға Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылында болған. Ауыл ішіндегі фермаға жергілікті кәсіпкердің 150 бас ірі қарасын әкелгеніне маңайдағы тұрғындар наразылық білдіріп, әкім мен депутатқа шағымданған. Жәбірленушінің сөзінше, мәселе бойынша сөйлеспек болған депутат көшеде көлігімен келе жатқанда кәсіпкерді тоқтатып алып, ай-шайға қарамай жұдырық ала жөнелген.
Кәсіпкердің қатты соққыдан қабағы жарылып, ауруханаға түскен. Жасы 40-тан асқан азамат 11 күн бойы емделіп шыққан соң ғана құзырлы органға арызданған. Алайда ол халық қалаулысының жазаланатынына сенбей отыр.
“Ол әкесіне сеніп тұрған шығар. Әкесі де депутат болған. Барлық жерге ақша беріп қойған шығар. Егер судмедэксперт не шығарады, жеңіл дейтін болса демек, сатып алып қойды, басқа не? Арғысын көрерміз”,-деді жәбірленуші Мұстафа Әлжанов.
Ал басы дауға қалған депутат Яссауи Мүслім жәбірленушінің малы 2 айдан бері ауылды шулатқанын айтады. Ол жергілікті тұрғындардың өтінішімен кәсіпкермен сөйлеспек болған. Алайда екеуінің әңгімесі жараспай қалғанын мойындайды. Бірақ ол кәсіпкерді ұрған жоқпын деп отыр.
“Ол кісі аудандық прокурормен сөйлесіп қойғам, қолыңнан келгенді істе деді. Қатындардың сөзін тыңдайды екенсің, қатын екенсің деді маған. Сол жерде сөзге келіп, машинасынан түсті. Бір-біріміздің жағамыздан ұстастық, мен қолымды итеріп жіберіп едім, бетпен құлады. Содан тұрғанда қасы жыртылғанын көрдім. Бірақ екеуміз екі жаққа кеттік. Сол кезде маған көрсетемін деген еді, өзіңіз біліңіз дедім”,-деді Қазығұрт аудандық мәслихаттың депутаты Яссауи Мүслім.
Аталған іс бойынша аудандық полиция басқармасы «денсаулыққа орташа дәрежелі зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғаған. 33 жастағы халық қалаулысының тұрғынды соққыға жыққаны дәлелденсе, Яссауи Мүслім мандатынан айырылмақ. Десе де ол кәсіпкердің үстінен жала жапты деп қарсы арыз жазам деп отыр.