500-ден астам жүргізуші жауапқа тартылды
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен жол үстіндегі құқық бұзушылықтарды болдырмау және оны дер кезінде анықтау мақсатында мегаполис жолдарында үздіксіз рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы бір айда көлік терезесін күңгірттеген 522 тізгіндеуші жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5 бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, дер кезінде автокөлік иелерімен әйнектегі күңгірттеу қағазын алып тастау жұмыстары жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ, көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге терезенің жарық өткізу талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін мұқият сақтап, жолда абай болуға шақырады.