Тұрғындарының төтенше жағдайға дайындығы тексерілді

0

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Тұрлан шағынауданында сейсмикалық жаттығулар өткізді. Жұмыс барысында құтқарушылар қала тұрғындарына оқыс жағдайдағы қауіпсіздік шараларын еске салып, эвакуациялық жолдарды тексерді. Аталған шаралар өрт, жер сілкінісі мен өзге де төтенше оқиғаларға дайындықты тексеру мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Арнайы іс-шара барысында төтеншеліктер көпқабатты тұрғын үйдің 7-8 балдық жер сілкінісіне дайындығын тексерді. Олар жоспарға сәйкес жоғары қабатта тұратын тұрғындарды қауіпсіз  жерге орналастырып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Оқу-жаттығуға 80-ге жуық тұрғын мен төтенше жағдайлар департментінің мамандары қатысты.

Бәйдібек Әбілқасым,  Абай аудандық ТЖБ аға инженері: «Қала әкімінің орынбасарымен 2021-2025 жылдар аралығында сейсмикалық жер сілкінісінің алдын алу оқу-жаттығу өткізу жоспарына сәйкес 4 тамыз күні Абай ауданында орналасқан Тұран шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерде жер сілкінісінің алдын алу шаралары пысықталды. Төтенше жағдайлар орын алған кезде тұрғындардың жер сілкінісі болсын табиғи техногенді апаттар болсын, өздерінің іс -әрекеттері жайлы айтылды».

Көп адам шоғырланған үйлерде апатты жағдайдан шығудың жалғыз жолы – ірі техникалық құралдарды пайдалану дейді мамандар. Сондықтан оқу-жаттығу кезінде өрт сөндірушілер тұрғындарды эвакуациялау үшін түрлі техника мен жабдықтарды қолданды. Бұдан бөлек тұрғын үйдің аумағындағы қауіпсіз аймақтар тексерілді.

Бибіайша Мирсеидова, Тұрлан шағынауданының тұрғыны: «Төтеншеліктер ұйымдастырған шарада өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі кезінде адам өздерін қалай тезірек шығу әрекетін жасау керектігі жайлы айтылды. Және жоғары қабаттарда  қалып қойып, шыға алмай қалған адамдарға жәрдем ету тәсілдерін көрсетті.  Әрбір адамға осындай хабар керек, рахмет». Біздің тұрғын үйлердің әрбір үйінде саты бар, оқыс жағдай орын алғанда  сол арқылы да түсуге болатын шығар».

Жаз айларында өрт жағдайлары көптеп орын алады. Мәселен жыл басынан бері Абай ауданында 22 өрт оқиғасы тіркелді. Негізгі себебі – ауа райының құрғақтығы дейді мамандар. Бірлескен өрт тактикалық оқу-жаттығуында мамандар жергілікті бұқараға оқыс жағдайдағы негізгі ережелерді түсіндірді.


ПІКІР ЖАЗУ