Түркістан облысында астық жинау жұмыстары пысықталды

0

Биыл Түркістан облысында 3 млн. тоннадан астам күзгі өнім жиналады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды. Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта жазғы дақылдардан 200 мың тонна көкөніс, 70 мың тоннадан астам картоп, 170 мың бақша өнімдері жиналған. Күзгі дала жұмыстарының барысы жайында толығырақ сюжетте.

Облыста астық ору науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Биыл Түркістан облысында 590 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал жыл соңына дейін өңірде 4,1 млн тонна мал азығын жинау жоспарланған. Бүгінде оның 3,5 млн тоннасы дайын дейді мамандар.

Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:  «Масақ дақылдары, күріштен 1,7,  майлы дақылдар 3,9,  көкөніс 9000 гектарға, мал азықтық 1100 гектарға артығымен болды. Былтырмен салыстырғанда Отырар ауданы 2800-ге, Төлеби ауданы 3200-ге, Түлкібас 600 гектар. Келес былтырмен салыстырғанда межесі кем болғанымен, былтырмен салыстырғанда өсім бар».

Облыс басшысы жауапты мамандарға былтыр ауыл шаруашылығы саласында туындаған проблемалардың биыл қайталанбауын тапсырды. Яғни, астық жинауға қажетті техникалық құралдардың дайындығын пысықтауға шақырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бізде былтырғы проблемаларды білесіздер. Солар қайталанбау керек. Мақтаға комбайндар жеткілікті ме? Басқа жағдайлар қандай екен. Соның барлығын пысықтап алыңыздар. Күзгі жұмыстарға өзекті мәселелер көмір, мақта теру соларды айтып отырыңыз. Кез келген сәтте  сұрап қалуым мүмкін, дайын жүріңіздер».

Биыл облыстағы жиын-терім жұмыстарына мемлекет тарапынан 33,7 мың тонна жанар – жағармай бөлінді. Сонымен қатар, 500 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50 пайызын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге, тұқым шаруашылығына 600 млн, 15 мыңға жуық агроқұрылымға мемлекеттік қолдау көрсетілді.


ПІКІР ЖАЗУ