Гүл сатушыны соққыға жыққан экс-полицейдің тағы бір шулы видеосы тарады

0

Шымкентте дүкенде флорист жігітті соққыға жығып, гүл шоғын алып кеткен сол кездегі тәртіп сақшысы, қазіргі таңда экс-полицейдің тағы бір шулы видеосы пайда болды. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кетті.

Ондағы ақпаратқа сүйенсек, бұл жолғы оқиға Түркістан қаласында 16 мамырда болған. Экс-полицей қаладағы кафелердің біріне әйелімен бірге барып, өзі ішімдік ішкен. Кейін есеп айырысудан бас тартқан.  Тіпті кафе қызметкерімен сөз таластырады. Ондағы диалогтан кафедегілер клиент шотты төлеуден бас тартқан соң есікті ішінен жауып, полиция шақырғанын түсінуге болады. Оған ашуланған экс-полицей «Есік не үшін жабық тұр?… Сонда сендер мені келіншегіммен бірге «залогқа» ұстап отырсыңдар ма?» деп есікті бұзып ашуға талпынып бірнеше рет тебеді.

Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған жайтты расымен Түркістан қаласындағы кафелердің бірінде мамыр айында болғанын растады. Шотты төлемеу салдарынан жанжал туындап, тамақтану орнындағылар полицияға шақырған. Тәртіп сақшылары келген соң есеп айырғысы келмеген клиент шотты төлеген екен.

«Келтірілген шығынның толық өтелуіне байланысты мекеме әкімшілігі қандай да бір арыз-шағым жазудан бас тартқан, бұл туралы акт түзілген» делінген мәліметте.

Дегенмен медициналық куәландыру нәтижелері бойынша құқықбұзушы экс-полицейге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Алайда ҚР Жоғарғы соттың ресми сайтындағы  сот кабинеті бөлімінде бұл әкімшілік іс туралы мәлімет табылмады.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі гүл сататын дүкенде жанжал шығарған ер адам сатушыны соққыға жығып, гүл шоғын алып кеткені туралы жаздық. Көп ұзамай оның Қаратау аудандық ПБ-ның бұрынғы қызметкері болғаны белгілі болды. Ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған екен. Гүл дүкеніндегі жанжал 8 мамырда болған.

Бұрынғы тәртіп сақшысының флорист жігітті соққыға жығып, гүлді алып кету фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ