Шымкентте тауар өндірушілерге арналған семинар өтті

0

Шымкентте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің «Дала күні» атты ауқымды семинары өтті. Іс-шарада 10-нан астам кәсіп иелері отандық және шетелдік тауарларды шаруалар назарына ұсынды. Тауарлар тізімінде табиғи тыңайтқыштар, озық үлгідегі техниологиялар, биологиялық өнімдер мен заманауи техникалар бар. Сондай-ақ, семинарда шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары арасында меморандум түзілді.

Шымкенттік кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияның қызметін ұсынады. Озық үлгідегі дрон егістік алқаптарға су шашумен, ал егер зиянкестер жайласа дәрілеумен айналысады. Мамандардың сөзінше, жұмыс шығыны 5-тен 10 литрге дейін. Ал 1 гектар аумаққа 200 литр сұйықтық шашады. Қандай аумаққа қанша мөлшерде су қажеттігін техниканың өзі есептеп береді. Ал қызмет кұны – гектарына 5 мың теңгеден келеді.

Мейрамбек Жұмабаев, «Ai group» компаниясының басшысы: «Толыққанды 20 литрлік багы бар. Қазір өзекті мәселе болып көтеріліп отыр – су тапшылығы. Яғни, су тапшылығы бар жерде бұл ең қажет нәрсе. Мұның сұранысы былай – жаңбырдан кейін техника кіре алмайды, жоңышқа бір метрден жоғары өссе, техника кіре алмайды. Соя, күріш суда өседі, онда да техника кіре алмайды. Сондай кезеңде бұл нағыз пайдалануға ең керек техника деп санаймын.»

Ал америкалық брендтің Шымкенттегі дилері шаруалар назарына автопилот ұсынады. 12 жылдан нарықта жүрген кәсіпорын шымкенттіктерге 1 жылға жуық уақыттан бері қызмет көрсетеді. Автопилотты әдетте тракторға орнатады немесе кез келген техникаға қондыруға болады. Ол арқылы трактор атқаратын жұмыс бірнеше есе жеңілдейді.

Ақжан Әбдіразақ, «Navistar Asia» компаниясының менеджері: «Бұл кез-келген тракторға немесе кез келген техникаға орнатылады. Артықшылығы – бұл түзу жүреді, арасында қате орын қалмайды. Егілген жердің үстіне шығып кетпейді. Бұл жерде кез келген агрегаттың ені осында жазылады, сызықтары жасалады. Тракторларды өзі автопилотпен сызықтарды түзу етуге көмектеседі.»


ПІКІР ЖАЗУ