Шекараны заңсыз кесіп өткен шетел азаматтарына қатысты тергеу басталды
Қостанай облысында көші-қон саласындағы заңнаманы бұзған 85 шетелдік ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қостанай облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Қайрат Дүтпаевтың айтуынша, шілде-тамыз айларында Үндістанның 34 азаматы, Пәкістанның, Сирияның және Непалдың 3 азаматының Қазақстанда жүру мерзімі өтіп кеткенін анықталған.
Үндістан мен Пәкістанның 23 азаматы елден шығарып жіберілген және олар әкімшілік айыппұл төлеген. Қабылдаушы тараптардың біріне қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазақстанның шекара қызметі Үндістанның бір азаматы мен Непалдың үш азаматына қатысты ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында 17 тамызда өңірдің құрылыс нысандарының бірінде еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 42 Өзбекстан азаматы анықталды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған бизнес субъектісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 519-бабының 1-бөлігі («Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін және еңбек көшіп келушілерді тарту») бойынша әкімшілік материал жасалды. Баптың санкциясында 100 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.