«Форма киген рэкеттер»

0

Әлеуметтік желіде түркістандық қос полицейдің жұмыс уақытында көпқабатты үй ауласында белгісіз ер адамды соққыға жыққан сәтінің видеосы пайда болды. Оны сол үйдің жоғарғы қабатында тұратындардың бірі түсіріп алған.

Бейнежазбадан қызметтік көлікпен келген екі полицейдің ер адаммен сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Кейін тәртіп сақшысының бірі оның екі қолын ұстап, қасындағы екінші полицей әлгі ер кісінің оң жақ бүйрек тұсына соққы жасайды. Соққының қатты болғаны соншалық ер адам есін жоғалтқан. Осы сәтте соққыға жыққан полицей қызметтік көлік ішінен белгісіз затты (электрошокер болуы мүмкін) әкеліп, ер азаматқа бағыттағаны сол ол жан дауысы шығып есін жияды.

Видеоны көрген желі қолданушылары полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті заңға қайшы екенін алға тартып, қатаң жауапқа тартуды талап етті.

«Баяғыда рэкеттер болушы еді. Қазір форма киген рэкеттер бүйректен, қабырғадан ұрады. Талдырады», «Бұл форма кигендердің қатаң жазалануын талап етеміз», «Жұмыстан шығара салу – оңай жаза. Сотталсын», «Электрошокер алып келді ме? Анау адам тіпті қарсылық танытқан да жоқ қой», «Талғанша ұрып, артынан электрошкермен ұруға қандай хақысы бар?», «Электрошокерді Үкімет берген бе?» деп жазды желідегілер.

Аталған видеоға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер түсінік берді. Оқиға тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні сағат 4-тер шамасында Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтек ауданында болған.

«Полицияға түнгі уақытта тыныштықты бұзды деген хабарлама жергілікті тұрғыннан түскен. Оқиға орнына тез арада патрульдік полиция қызметкерлері жолданған. Олар тұрғынның хабарлауы бойынша көпқабатты тұрғын үйдің аумағына келген кезде бірнеше ер азамат жиналып тұрғанын байқаған. Алайда полицияны көре сала олар қашқан. Сол мезетте тәртіп сақшылары бір адамды ғана ұстап үлгерген. Оны медициналық сараптамаға жеткізбекші болған кезде ол қарсылық көрсетіп, одан сайын шу тудырған» деп түсіндірді ведомстводан.

Полиция департаментіндегілер атап өткендей, соққы алған тұрғын өз қателігін түсініп, тәртіп сақшыларының үстінен арыз жазудан бас тартыпты.

Бүгінгі таңда бейнежазбадағы жайтқа байланысты департамент бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеп-тексеруді бастады. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.


ПІКІР ЖАЗУ