Түркістан: облыс әкімі шұбарсулықтармен кездесті
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облысқа қарасты аудан халқымен кездесуі жалғасып жатыр. Бұл ретте облыс әкімі Ордабасы ауданының тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, олардың ұсыныстарын тыңдап қайтты. Өңір басшысы аймақтағы келелі проблемаларды тұрғындармен ақылдасып, берлесе шешу жолдарын талқылады.
Облыс әкімінің кезекті халықпен кездесуі Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында өтті. Жиын барысында Дархан Сатыбалды азаматтарға өңірге жаңа зауыт, цехтар ашу бойынша ұсыныс білдірді. Және де сол бағытта жіті жұмыс жасауға шақырды. Әсіресе, аймаққа кәсіпкерлерді тартып, өндіріс саласын өркендетуді басты назарға алуды сұрады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біз жалдамалы жұмысшылармыз. Менің міндетім сіздердің қолайлы өмір сүрулеріңізге жағдай жасау. Президентім сеніп қызмет тапсырған соң адал істеу керекпін. Басқа сөз жоқ”.
Форматтан тыс ұйымдастырылған басқосуда ауыл бұқарасы облыс әкіміне инфрақұрылым мәселелері бойынша мәселелерін жеткізді. Тұрғындардың проблемасына Дархан Сатыбалды бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана нәтижеге жете аламыз деді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “ Өңірімізде әрине проблема көп. Мен қазір келе жатып көшенің проблемасын көріп келе жатырмын. Оның бәрін шешу керекпіз, бірақ бірге істеу керекпіз. Жалғыз әкім оны шеше алмайды. Ауызбіршілік болмаса ісіміз алға баспайды”.
Айта кетейік, бүгінде Шұбарсу ауылында кәсіпкер тарапынан нысандар да тұрғызылуда. Яғни, жеке кәсіпкер қаражатына 2000 орындық мектеп бой көтеріп келеді. Шара соңында Дархан Сатыбалды «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған зауытқа барып, оның жұмысымен танысып қайтты.