«Басты талап — нақты жоспар, сауатты сараптама, сапалы жұмыс»
Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен апараттық мәжіліс өтіп, атқарылған жұмыстар сараланды.
Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов бюджеттің және индикаторлардың орындалу жайын баяндады. Сонымен қатар мәжілісте облыс және қала әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп ұсынылды.
Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі нәтижесімен жыл басынан бері 252 тапсырма беріліп, оның 226-ның орындалуы бойынша мәліметтер ұсынылды, өзгесі жоспарлы түрде жүзеге асатыны баяндалды.
Жылыту маусымына дайындық туралы «Жылу» МКК басшысы Ерғазы Рысбеков есеп берді. Баяндамашының мәлімдеуінше кәсіпорын тарапынан қаладағы І-ІІ мөлтекауданы, Мәдени-рухани орталығы, Отырар мөлтекауданы және Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты үйлер мен ғимараттарға жылу беріледі. Жалпы 75 қазандық арқылы көпқабатты 222 тұрғын үй жылу энергиясымен, оның ішінде көпқабатты 55 үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Жүктемелік өндіру — сағатына 65,06 Гкал, жылу жүйесінің ұзындығы 55,46 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жылу құбырларын қысымдау және шаю жұмыстары бөлісу шекарасына дейін толық жасалып, акт түзілген.
— Салғырттықтың салдары белгілі. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ақталумен айналысудың пайдасы жоқ. Маған өзекті мәселені мерзімінде көтеріп, алдын алуға жұмыс істейтін мамандар керек. Сіздерден осы талап етіледі. Заң аясында шұғыл әрекет етіп, шешім қабылдауға машықтаныңыздар. Егер бөлімде нақты жоспар, сауатты сараптама, сапалы жұмыс, ұтымды ұсыныс болмаса ол басқа бөлімдердің тірлігіне де әсер етеді, зардабын тигізеді, — деп Нұрбол Әбдісаттарұлы бірқатар бөлім басшыларына ескерту жасады.
Мәжіліс қорытындысымен жаңа тапсырмалар жүктеліп, орындалуына мерзім белгіленді. Қадағалау ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне тапсырылып, нәтижесімен жауапсыздық танытқан мамандарға шара көрілетіні ескертілді.