Қазақстандықтар көбіне қандай аурудан қайтыс болады?
Үшінші кезекте тыныс алу органдары аурулары, ол 64,42 адамды өлімге алып келген
Отандастарымыз жиі шалдығатын ауру түрлері белгілі болды.
«2021 жылмен салыстырғанда өткен жылы ауруға шалдығу көрсеткіші 5,7%-ға төмендеп, 48301,40 құрады. Соңғы жылдары азаматтар көбіне тыныс алу органдары ауруларына жиі ұшырайды (2021 жылы – 21964,12, 2022 жылы – 18883,3). Екінші орында — ас қорыту жүйесінің аурулары (2021 жылы – 3981,2, 2022 жылы – 3691). Отандастарымыз жиі шалдығатын келесі дерт қан айналымы жүйесіне қатысты (2021 жылы – 3000,6, 2022 жылы –2759,6)», — деген жауап келді Денсаулық сақтау министрлігінен ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалға.
Сондай-ақ, аталған ведомство ұлттық статистика бюросының биылғы 6 айдағы өлім-жітім жайлы мәліметін ұсынды.
«Өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 9,3% төмендеді. Өлім-жітімге жиі алып келетін — қан айналым жүйесі аурулары. Ол бойынша биыл 6 айда 147,22 адам қайтыс болған. Екінші орында — қатерлік ісік түрлері, биыл жарты жылда 66,13 өлім тіркелді. Үшінші кезекте тыныс алу органдары аурулары, ол 64,42 адамды өлімге алып келген», — дейді министрліктен.