Аймағамбетов магистратурадағы жемқорлықты қалай жойды?

0

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кезінде қатты сынға алынған реформалардың бірі – магистратура мен докторантураға түсу емтихандарының форматын өзгертуге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, бұрын әр университет өз бетінше емтихан сұрақтарын әзірлеп, өздері емтихан қабылдап, тексеріп, оқуға қабылдау туралы бұйрық шығаратын.

Негізінде бұл әдіс өте жақсы, өкінішке қарай әзірге біз мұндай форматқа дайын емеспіз. Өздеріңіз білетіндей, бұрын ректорлық тізім болатын, таныс-тамырсыз оқуға түсу өте қиын еді. Не өзгерді? Біз магистратураға түсу емтихандарын ҰБТ сияқты бір орталыққа топтастырдық, емтихан қабылдау функциясын ректорлардан алып тастадық. Одан кейін электронды форматқа ауыстырдық, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, ол «грантты магистрантқа беру» жүйесін енгізгенін атап өтті. Яғни грант емтихан нәтижесі бойынша жиналған ұпайға қарай бөліне бастады. Осылайша ең жоғары балл жинаған талапкер грантқа ие болады да, университетті өзі таңдайды.

Сондай-ақ, 2021 жылы игерілмеген гранттар бойынша емтиханды тек жазда ғана емес, желтоқсанда да өткізуді ұйғардық. Бұл да білім алушыларға қолайлы болу үшін жасалды, — деп жазды депутат.

Докторантураға түсу емтихандарын да бір орталыққа топтастыру бойынша жұмысты бастағанына да тоқталды. Жоспар бойынша, емтихан қабылдауға қатысты біраз функцияларды ректорлардан алып тастап, келесіде оны тағы жалғастыру керек болған.

Сондақтан  докторантура бойыша әлі де біраз рисктер мен университеттердің ықпалы бар. Оны қосымша тағы қарау керек. Міне, бірер жылдың ішінде ондаған мың магистрант пен докторант оқуға түсті, тіпті оқуын аяқтап та үлгерді. Бұл реформалар жақсы өзгерістер әкелді деп ойлаймын, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, өткен аптада магистратура грантына ие болған үміткерлердің тізімі шықты.


ПІКІР ЖАЗУ