Түркістан: 2 мектептің құрылысы әлі біткен жоқ

0

Түркістан облысында биыл білім саласына 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оның бір бөлігі мектеп құрылысына тартылды. Қазір өңірде 14 білім ошағында күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Алайда олқылықтар жетерлік.

Биыл түркістандық білім саласына бюджеттен 597 млрд. теңге бөлінген. Оның 4 млрд-тан астамы мектептерді жөндеу жұмысына жұмсалды. Осы жылы 21 нысан күрделі жөндеуге алынды. Қазір 14 ғимаратта құрылыс жұмысы аяқталды. Алайда сыртқы қаспеті толық бітпеген мектептер бар. Оларда сабақ 1 қыркүйектен басталғанмен, мердігер әрлеу процесін 15 күннің ішінде тәмәмдауға уәде беріпті

Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бізде 2 мектепте проблема болған. Олар Сарыағаш, Сайрам аудандарында. Өзіңіз де білесіз. Бұл мектептерде 1 қыркүйекте балаларды қабылдап оқу процесін жүргізе береді. Дегенмен ғимараттың қаспеті, артқы беті аяқталмады. Ол оқуға кедергі келтірмейді. Оны 15 күннің ішінде бітіріп береді»

Өңір басшысы Сарыағаш ауданына барған сапарында құрылысы кешеуілдеген мектептке бас сұғып, ай соңына дейін барлық жұмысты бітіруге тапсырма берген болатын. Алайда әлі нәтиже жоқ. Сондықтан облыс әкімі шара қолдану керектігін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Сайрам және Сарыағаш ауданында құрылыс жұмыстары созбалаңға салынды. Нәтиже болмаған соң өзім баруға мәжбүр болдым. Сарыағаш ауданындағы №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының созылуына жауапты мердігер мен жұмысына салғырт қараған тұлғаларды анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартуды ұсынамын»

Қазір облыста 9 үш ауысымды, 8 апатты білім ордасы бар. Ондағы орын тапшылығы 30 мыңды құрайды. Мемлекет жоспарына сәйкес аталған мәселені 2025 жылға дейін шешу жоспарланған. Ал жаңа оқу жылында 5 мың орындық 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі.


ПІКІР ЖАЗУ