Бүгінгі тағайындаулар: қай шенеунік қандай қызметтің тізгінін ұстады

0

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кеше Президент Әкімшілігінің құрылымынан басталған кадрлық ауыс-түйіс бүгін де жалғасты. ҚазАқпарат сол өзгерістерге шағын шолу ұсынады.

Әлеуметтік желіде бұл тақырып қызу талқыланып, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары дейтін лауазымның қысқаруына байланысты «қызметсіз қалған шенеуніктердің көбі қайта құрылымдау арқылы пайда болған министрліктің тізгінін ұстап қалуы мүмкін» деген болжамдар айтылған.

Әуелі Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымында болған Ернар Баспаев Президенттің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Президент Әкімшілігі Басшысының тағы бір орынбасары болған Аида Балаева қайта құрылымдау нәтижесінде пайда болған Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне кірісті.

Үкімет құрамында Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметтерін қатар алып жүрген Серік Жұманғарин министрліктің тізгінін тапсырғанымен, вице-премьерлік қызметін сақтап қалды.

Үкімет басшысының тағы бір орынбасары Тамара Дүйсенова да осындай ауыс-түйістен өтті. Нақты айтсақ, Еңбек және халықы әлеуметтік қорғау министрі лауазымын өткеріп, вице-премьер лауазымында қалды.

Ал, Серік Жұманғариннен босаған Сауда және интеграция министрлінің тізгінін Арман Шаққалиев алды.

Тамара Дүйсеновадан босаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Светлана Жақыпова басшы болып барды.

Ішкі істер министрлігінде ешкім ойламаған жерден ауыс-түйіс тіркелді. Марат Ахметжанов қызметтен босатылып, орнына орынбасары Ержан Сәденов келді. Ведомство ұжымына жаңа басшыны Президенттің өзі таныстырды.

Бұған дейін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметін атқарып келген Әсет Ерғалиев Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Жаңадан құрылған Көлік министрлігін Марат Қарабаев басқаратын болды. Жыл басында ғана ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалған еді.

Мәдениет және спорт министрлігінен жеке енші алып шыққан Турзим және спорт министрлігіне Ермек Маржықпаев басшы болды. Ол 2019 жылдан бері Ақмола облысының әкімі болып қызмет еткен.


ПІКІР ЖАЗУ