Жол сапасы қатаң қадағаланады

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында қабылданған реформалар көптің көңілінен шыққаны мәлім. Президент бас құжатта бірқатар өзекті проблемалардың басын қайырып, жаңа бастамаларды жария етті. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Жолдауда ел ішіндегі жолдардың жайы ел-жұртты алаңдатып отырғанын да атап өтті. Президент өз сөзінде жол саласындағы тиісті жұмыстар уақтылы әрі сапалы жасалмайтындықтан, кемшіліктер күн санап көбейе түскеніне тоқталды.

– Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуы тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компаниялар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін тапсырды.

Жалпы, біздің елде жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерінің басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау міндеті жүктелген мекеме «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы». Кәсіпорынның өңірлік филиалының инженері Тойшыбай Әлиахметовтің айтуынша, жыл басынан бері жолшылар қыруар жұмыс атқарған. Тәжірибелі маман Президенттің Жолдауынан кейін жүгенсіз кеткен мердігерлер жұмыстың сапасына мұқият мән беретінін алға тартты.

– Есепті кезеңде 211 нысанға 431 рет іссапар жасадық. Бұл күндері жол-құрылысы материалдарынан 1253 дана үлгі алынып, сынақтан өткізілді. Нәтижесінде 123 дана материалдың тиісті талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып отыр. Барлық анықталған ақаулар бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымына хат жолданды. Түптеп келгенде, мердігер ұйымдары жұмыстың сапасына көп көңіл бөліп, асфальтбетон жабынын орнату технологиясын қатаң сақтау қажет. «Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген тәмсіл бар. Ал, бүгінде ел ішіндегі тас жолдардың сапасы мәз емес. Осынау мәселеге Президентіміз де Жолдауында айрықша тоқталды. Ендігі кезекте оларға бақылау күшеймек. Бұл – қара жолдың сапасын арттыру мақсатында қабылданған орынды шешім екені анық, – деді Т.Әлиахметов.

Иә, бас құжатта 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі тайға таңба басқандай жазылды. Сәйкесінше, мұның бәрі сапалы жолды аңсаған ел азаматтарының өмір сүру сапасын арттырудың бастамасы болары белгілі.


ПІКІР ЖАЗУ