Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларынан 182 адам қаза тапты

0

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Жыл басынан бері Түркістан облысында жол –көлік оқиғаларынан 182 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Әлмұхаммет Сейдмұхтардың айтуынша, жол ережесін бұзуға алып келетін негізгі факторлар — көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы мен мас халде көлік жүргізуі. Одан бөлек, қауіпсіздік белдіктерін тақпай жол жүру, қарама-қарсы жолаққа өту және ақаулы техникалық жағдайда автокөлікті басқару бар. Айта кетерлігі, облыс аумағында биыл 8 айда 486 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 609 адам зардап шегіп, 182 адам қаза тапқан.

«Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендер мен мектептердің алдына 54 дана «Сергек» камералары мен мектеп және балабақшалардың алдына 42 жерге жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, тиісті жол таңбалары сызылды. Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 1 532 дана жаңа жол белгілері, 30 дана жарықдиодты маркерлер орнатылды. Сонымен қатар, 1 579 дана ескірген жол белгілері жаңартылды»,- деді Әлмұхаммет Сейдмұхтар.

Бүгін өңірде «Жолдағы қабылдау» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара Ордабасы ауданына қарасты Б.Исаханов елді мекенінің тұсындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қиылысында өтті. Акцияда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басты мақсат — көлік жүргізушілерінің жол қауіпсіздігін және жолда жүру мәдениетін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Мамандардың сөзінше, мұндай іс-шаралар жыл соңына дейін өңірдегі барлық аудандарда өз жалғасын табатын болады.


ПІКІР ЖАЗУ