Жамбыл облысында аудан әкімдерінің сайлауы өтеді
АРАЗ. ҚазАқпарат – Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында депутаттар сайлауға қатысатын аудандар мен саяси науқан күнін белгіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау басталатындығы туралы айтып кетті. Бүгінгі сессияда сіздермен Президенттің осы саяси реформасын іске асырудың алғашқы қадамын жасамақпыз. Өңірде 121 аудандық маңызы бар қала, ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Жергілікті атқарушы органдармен сайлау комиссиялары сайлау өткізуде мол тәжірибе жинады. Менің ойымша аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың сайлауына толықтай дайынбыз, — деді Ербол Қарашөкеев.
Облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Дөненбаев қанатқақты жоба бойынша Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауын, ал оның әріптесі Керімқұл Бегалиев Жуалы ауданы әкімінің сайлауын ұсынды. Аталған аудандар бойынша ұсыныс бір ауыздан мақұлданды.
Ал, депутат Дауыл Бейсенқұлов алдағы жылыту маусымына дайындық секілді маңызды шараларды ескере келе, сайлау күнін 5 қарашаға белгілеуді ұсынды. Айтуынша, апта соңына түсетін бұл күн саяси науқанды ұйымдастыруға қолайлы. Сессия соңында аталған мәселелер мен ұсыныстар бойынша шешім жобасы қабылданып, облыс әкімі алдағы саяси кезеңге сәттілік тіледі.