Шымкентте ЭКҰ жасатуға 429 квота бөлінген

0

Биыл Шымкентте «Аңсаған сәби» бойынша 429 квота бөлінген. Оның 50-і Алматыға аударылған. Жыл басынан бері 322 анаға жасанды ұрықтандыруға жолдама берілді. Ал былтыр 141 әйел балалы болған, соның бірі – Назерке Сарыбай. 

21 жасар Назерке Сарыбайдың тұрмысқа шыққанына 3 жылдан асқан. Алайда біраз уақыт бала көтере алмапты. Сондықтан ЭКҰ жасатуға шешім қабылдапты. Ол былтыр «Аңсаған сәби» жобасына өтініш тастап, квота жеңіп алған. Жасанды ұрықтандыру процесі бірінші реттен сәтті шығып, қазір ол 1 баланың бақытты анасы атанды.

Назерке Сарыбай, Түркістан облысының тұрғыны: «Май айында ұтып алдық, одан кейін арнайы УЗИ-ге түсіп, дайындалдық функция алды. Содан кейін нәтижесін көрдік. Бізде әйелдік және еркектік фактор болды. Дәрігерлер ЭКҰ-ны ұсынды. Күйеуіміз екеуіміз ақылдасып, ЭКҰ жасатуды ұйғардық. Қызымды көргенде жүрегің жарылардай болады. Күлгені тәтті, қылықтары тәтті. Жыласа бірге қосылып жылайсың»

Статистикалық мәліметтер бойынша Шымкентте 1000-ға жуық жұп бала сүйе алмай жүр. Оның 340-ы ЭКҰ жасату үшін мемлекеттік квота алуға кезекке тұрған. Оның 322-сіне жолдама берілді. Қазір 40 әйел жүкті болса, ал 60 процедура нәтижесіз болған. Мамандар ана болуды армандаған әйелдер 42 жасқа дейін жасанды ұрықтандыру процесіне жүгіне алатынын айтады.

Ақмарал Нұржанова, репродуктолог: «Ең бірінші әйелдің гармонына қараймыз, жасына қараймыз. Бедеуліктің факторына да қараймыз. Осы 3 фактор бойынша жұмыс жасаймыз. Бізде Шымкентте 3 клиника бар. Олар Экомед, Клиника доктора Тарарака, ИРМ. Көбіне осы 3 клиникамен байланыста жұмыс істейміз”

Биыл үшінші мегаполиске «Аңсаған сәби» бойынша 429 квота бөлінген. Алайда оның 50-і Алматыға жіберілген. Себебі онда кезегін күткен аналар көп, ал квота шектеулі. Айта кетейік, өткен жылы қаламызда эконың көмегіне жүгінген 215 ананың 141-і балалы болған.


ПІКІР ЖАЗУ