Жамбыл: жылыту маусымына толығымен дайын болуымыз керек
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Басқосуда баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, облыс нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі бекітілген. Бүгінге дейін штабтың төрт отырысы өткен.
Облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кешендері және 593 автономды қазандықтар бар, олармен жалпы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
— Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 9,5 миллиард теңге қаралған, оның ішінде қаржының басым бөлігі тарифтік сметасы есебінен 7 592,3 миллион теңге, инвестициялық бағдарлама есебінен 387,4 миллион теңге, бюджет есебінен 1 558,5 миллион теңге бөлінген. Жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтыну жоспарланып отыр. ҚР Энергетика министрлігімен облысқа қажетті 24,4 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді,-деген басқарма басшысы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен қазандықтардың жай-күйі, қалалар мен аудандардың дайындығы бойынша да тоқталды,
Облыс әкімі, жылу құбырларын ауыстыру және бірқатар қазандықтардың жөндеу жұмыстарының барысын сұрады. Тұрғындар мен мекемелердің коммуналдық қызмет үшін қарыздарын есептеу және қайтару шараларын да назарға алды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы нысандардың да дайындығы бойынша тиісті басқармалардың есебін тыңдады. Бірқатар аудан әкімдерінен де жауаптар алды.
— Жылыту маусымына толығымен дайын болуымыз маңызды. Жауапты тұлғалар барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылау, жылу желілерін жөндеу және көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындау жұмыстарын қазан айына дейін аяқтау керек. Автономды қазандықтар мен тұрғындарға қажетті көмірдің жеткізілуін тұрақты қадағалау, коммуналдық қарыздарды өтеу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда әкімшілік шараларды қабылдауы тиіс. Жылыту маусымын кедергісіз өткеруге барынша дайын болу қажет,-деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.