Жамбыл: 125,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттың кеңесте аймақтың ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы өңірлік өнім 549,0 миллиард теңгені құрап, 1,4 пайызға артқан.

Сондай-ақ, жедел деректер бойынша экономикалық өсім 104,8 пайызға айналған.

— Ағымдағы жылдың сегіз айында өнеркәсіп өнімінің өндірісі 6,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 24,8 пайызға, тұрғын үй  1,2 пайызға, сауда 2, байланыс 8,2 пайызға артып,  ауыл шаруашылығы 3 пайызға, көлік қызметі 0,7 пайызға төмендеді.

Негізгі капиталға 268 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал, өнеркәсіп саласында 574,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оң динамика сақталуда,-дей келе басқарма басшысы бірқатар көрсеткіштерде төмен нәтиже көрсеткен салалар мен аудандарды да атап өтті.

Басқосуда қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек осы жылдың бірінші қыркүйегіне облыс бюджетінің кірістері 390,2 миллиард теңгеге немесе 106,4 пайызға орындалғанын айтты. Сондай-ақ, ол облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,7 пайызға игерілгенін жеткізді.

Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудандар мен басқармалардың басшыларынан жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.

Кеңес барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты мәселелер де қаралды.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаев ағымдағы жыл соңына дейін өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200,0 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұрғанын атап өтті.

Ербол Қарашөкеев бүгінге дейін 125,7 мың гектар жер  (62,9 пайыз) қайтарылғанына назар аударып, жоспарды жыл соңына дейін орындау бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы тиісті тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеп, өзінің орынбасарларына олардың орындалуын бақылауда ұстау керектігін баса айтты.


ПІКІР ЖАЗУ