Жамбыл: кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысының барысы

0

Біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, оларды барынша қолдауға мүдделіміз. Сол арқылы жаңа өндіріс орындарын іске қосып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құру – аса маңызды.

Аймақтың химия өнеркәсібі мен басқа да кәсіптерді дамытуға әлеуеті жоғары десек, жуырда ғана облысымыздағы бірқатар инвесторларымен өткен кеңесте бұл туралы жан-жақты сараланды.

Сондай-ақ, кеше Түркиялық «Yildirim Holding» компаниясының бас директоры Исмайл Джейлан және «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимовпен кездесіп, өңірімізде жүзеге асып жатқан кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысының барысы және бірқатар мәселелерді талқыладық.

Жылына 500 мың тонна кальцийленген сода өндіруге арналған зауыт болашақта қуаттылықты екі есеге дейін арттыруды жоспарлауда. Құрылысына 400 млн. АҚШ доллары инвестицияланған жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалдықсыз жүйеде жұмыс жасайтын зауыт алдағы уақытта елімізді және бірқатар көршілес мемлекеттерді кальцийленген содамен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Айта кету керек, бұл жоба аймаққа басқа да инвестиция тартуға мол мүмкіндік береді.

Басқосуда инвесторларға өзге де шағын және орта кәсіпкерлік бойынша Түркиядан түрлі жобаларды тарту мүмкіндіктерін қарастыруға қатысты ұсыныс білдірдім. Бұл мәселені алдағы уақытта кеңірек талқылауға келістік.

Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін бере отырып, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттыруға күш салуға тиіспіз. Жамбылдықтар да осындай ірі кәсіпорындар жанынан шағын жобаларды жүзеге асыруға атсалысуы керек. Ол қосымша жұмыс орындарын ашуға, табыс табуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіледі.


ПІКІР ЖАЗУ