Шымкент: ауызсу мен жарық мәселесі

0

 Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Рашид Мыңбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларын айтты.

 Бүгінде 17 шағынаудан мен 1 елдімекенде 234 857 халық тұрады. Көпқабатты 926 үй бар. Ауданда ауыз су мен электр жарығы толық шешілген, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр.

 Жалпы тұрғындар тарапынан көтерілген 207 мәселенің көпшілігі инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, коммуналдық және абаттандыру бағыттарын қамтыды.

 Есептік кездесуде қала әкімі: «Халықпен тікелей байланыс орнату – Мемлекет басшысының басты саясаты. Бүгін осы мақсатта жүздесіп отырмыз. Мәселелеріңізді ашық айтыңыздар. Бәрін тыңдауға дайынмын. Сіздермен осылай тығыз қарым-қатынаста қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз», – деді.

 Ауданның даму жоспарымен танысқан соң, шаһар басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға көшті.

 Қала әкімі тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдап, бәрін де назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.

 Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ