Шымкентте бір тоннаға жуық темір ұрлаған күдікті бас бостандығынан шектелді

0

Шымкентте бір тоннаға жуық темір ұрлаған күдікті бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаратау ауданының полициясына жергілікті тұрғын үйінің ауласынан құрылысқа қажетті 1 тоннаға жуық темір-терсек ұрланғаны туралы арызданған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркеді. Жедел- іздестіру жұмыстары барысында полицейлер жақын маңдағы бейнекамераларды тексеріп, ықтимал куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде оқиға болған уақытта осы маңнан өткен күдікті жүк көлігі көзге түскен.

Ер адам өз жауабында жүк тасымалдау қызметін көрсететін такси жүргізушісі екенін, соңғы рет бұл маңнан клиенттің шақыртуымен темір-терсек әкетіп, оны арнайы қабылдайтын орынға жеткізіп бергенін айтты. Темір қабылдаумен айналысатын кәсіпкер қылмыс болған күні бейтаныс біреуден 1 тоннаға жуық темірді сатып алғанын жеткізді.

Полицейлер көрсетілген бағыттамалар бойынша күдіктінің жеке басын анықтап, оны қала аумағында құрықтады. 34 жастағы түркістандық тергеу барысында өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Жинақталған іс-құжаттар айғақтармен сотқа жолданды. Сот айыпталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеу міндеттелді.


ПІКІР ЖАЗУ