Түркістан төрінде кино әуендері шырқалды

0

Түркістанда «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің танымал отандық және шетел киноларындағы әуендерден құралған «Кино әуендері» атты концерті өтті. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты.

– Түркістан төрінде өтіп жатқан бүгінгі шараның өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Атауы мыңжылдықтарға кеткенмен, облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтерілген рухани шаһар төрінде мұндай шаралардың өтуі – заңдылық. Сонымен қатар, биыл Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұл тарихи өнер ордасы осы уақыт ішінде оңтүстік мәдениетінің жандануына айтарлықтай үлес қосты. Қаншама өнер майталмандары осы өнер ұжымынан түлеп ұшып, қазақ өнерінің тұлғаларына айналды. Бүгінгі кеш қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше әсерге бөлейді деп сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары өнер ұжымының бірқатар қызметкеріне Алғыс хат табыстады.

Концерт барысында қазақ күйлері мен «Алпамыс мектепке барады», «Махаббат бекеті», «Шаңырақ», «Қазақ хандығы»  сынды қазақ киноларының әуендері, мультфильм әуендерінен попурри, «Ва банк», «Такси», «Великолепный век», «Ер тұғырыл», «Иван Васильевич меняет профессию», «Танцор диско», «Берегись автомобиль», «Джентльмен удачи», «Галоп», «Қара севда», «Пираты карибского моря», «Игра Престолов», тағы басқа әлемде кеңінен таралған кинотуындылардың әуені орындалды. Жастық шақтың көркем куәсіне айналған кинокартиналар көз алдына келген  көрермендер сол шаққа саяхат жасағандай күй кешті.


ПІКІР ЖАЗУ