Үш қаладағы ЖЭС мәселесіне қатысты министрлік түсініктеме берді
Энергетика министрлігі өңірлердегі жылыту кезеңінің өту барысына мониторинг жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл мәселе Республика Үкіметінің қатаң бақылауында.
Соңғы тәулікте кейбір облыстардағы жылумен жабдықтау объектілерінде технологиялық бұзушылықтар тіркелді.
ЖЭО-дағы бұзушылықтарды жою үшін барлық қажетті материал, сондай-ақ персонал толық көлемде бар. Қазіргі таңда Жезқазған жылу электр орталығы мен Кентау жылу электр орталығында резервтік қазандықтар бір күн бұрын іске қосылды. Ал Риддер ЖЭО-да температура бекітілген кестеден төмендеуі тіркелген жоқ, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Жалпы, республика бойынша электр станцияларында 8 энергоблок, 43 қазандық және осындай 43 турбинаға жөндеу жасалды.
Көмір қоры 4,9 млн тонна, бұл өткен жылғы деңгейден 67% — ға артық. 108 мың тонна мазут жиналды. Барлық ЖЭО-да отынның нормативтік қоры бар.
Энергетика министрлігі 2023 жылғы 1 маусымнан бастап электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифті түзетуді жүргізді. Бұл шара электр станцияларын жөндеуге 146,5 млрд теңге көлемінде қаржы көлемін тартуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде жекелеген жылу көздерін жылыту маусымына дайындау үшін Үкімет резервінен Риддер және Екібастұз қалаларының ЖЭО, Ақтау қаласының энергия көздері үшін күрделі жөндеу, реконструкциялау және қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Көкшетау қаласының қазандығын жөндеуге 21,5 млрд. теңге бөлінді, бұл барлық негізгі жабдықтарды күрделі жөндеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Кентау қаласының ЖЭО жөндеуге облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, электр станцияларының иелері шамамен 16,5 млрд. теңгені тікелей салған, — делінген хабарламада.