Түркістан: энергетика саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Бүгін Энергетика күніне орай жиын өтті. Мерекелік жиында осы салада аянбай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің энергетика саласындағы үздіктерді төсбелгілермен, медальдармен және Алғыс хаттармен марапаттады.
– Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Энергетика саласының еліміздің экономикасына қосар үлесі зор. Сіздер қызмет ететін саланың адам өмірінде алар орны айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», деген болатын. Мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскен шақта өмірін қауіпке тігіп, халыққа қалтқысыз қызмет ететін энергетиктердің еңбегі ерен екенін атап өткен жөн. Қиын-қыстау кездерде, алай-дүлей апатта, табиғаттың тосын мінезінен тайсалмай, ел игілі үшін табандылық танытып келесіздер. Еңбектеріңіз ел есінде қалары анық. Әлемге жарық, жаҺанға жылу беруде атқарып жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Басқосуда Түркістан облысы бойынша энергетика кәсіпорындарында қызмет етіп келе жатқан білікті 10 азаматқа «Ардагер энергетик», «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілері мен медальдары тағылып, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасының Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы елді мекендердің 98 пайызы, яғни 816 елді мекен орталықтандырылған электрмен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты баламалы қуат көздерімен қамтылып отыр. Облыста электр қуаты тапшы және 320 МВт-ты құрайды. Оның 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Осы мәселені шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қуаттылығы 1 мың МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғы станциясын салу жоспарланған. Қазіргі таңда нысан үшін жер телімі белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы 5 жылда облыстағы 214 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілсе, биыл қосымша 40 елді мекен қосылады деп көзделуде.