Шымкент: Байтұрсынов көшесіндегі жылу қазандығына реконструкциялық жұмыстар жүргізіледі
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті көшпелі кездесуі Тұран ауданы тұрғындарымен Жарқымбеков, Мангельдин, Байтұрсынов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ұйымдастырылды. Қала басшысы жергілікті азаматтармен бірлесе жылу жүйесін жақсарту, балалар алаңшасын орнату, тозығы жеткен тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу және инфрақұрылым сапасын арттыруға қатысты бірқатар мәселені қарастырды.
Бүгінде ауданда көпқабатты үйлердің маңындағы жекеменшікке тиесілі жер телімдерінде салынатын коммерциялық нысандар да өзекті проблемаға айналып отыр. Азаматтар қонақүй, қоғамдық тамақтану орындарының іске қосылуына қарсылық білдіруде. Қала әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер заң шеңберінде қарастырылып, алдағы уақытта бұл аумақтарға балалар ойын алаңшалары мен демалыс орындары салынатынын жеткізді.
Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйесі – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Келесі жылы Байтұрсынов көшесіндегі К24 қазандығына реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл жоба аталған қазандық арқылы жылумен қамтылатын 49 үй мен 6 әлеуметтік нысанда, өзге де коммерциялық орталықтарда жылу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мангельдин көшесіндегі № 33, 36 үйлердің тұрғындары сейсмонығайту шараларына қатысты талап-тілектерін білдірді. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың келесі жылы басталатынын, сондай-ақ азаматтардың ұсыныстары бойынша көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациялау жұмыстарының сапасы артатынын айтты.
Кездесу барысында көшелерді, қоқыс алаңшаларының аумағын жарықтандыру, бейнебақылау қондырғыларын орнату мәселелері де пысықталды.
Айта кетейік, алдағы жылы азаматтардың қауіпсіздігін қамту мақсатында қала аумағында 3 мың бейнебақылау камерасы орнатылады.
Қала әкімі көшпелі кездесу барысында көтерілген барлық мәселеге байланысты жауаптыларға ұсыныстар әзірлеп, шұғыл түрде шешім қабылдау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.