Жыл қорытындысы: Медицинадағы өзекті мәселелер
Санаулы күндерден соң секем қоян жылын артқа тастап, иіртек ұлу жылына қадам басамыз. Табиғатынан қорқақ келетін қоян жылын ел-жұрт та түрлі сырқаттан сақтанумен секемде өткізді. Ендеше жыл бойы қандай аурулармен күрестік, Үкіметте нендей мәселелер көтерілді, министрлікте қандай өзгерістер болды, саралап көрелік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
COVID-19 аяқталды
2020 жылы 11 наурызда басталған COVID-19 пандемиясының қоян жылы да селдері әлсін-әлсін сезіліп отырды. Жыл басында коронавирус инфекциясымен ауырғандар әлі де стационарда ем қабылдап жатты. Ол туралы Денсаулық сақтау министрлігі күнделікті ақпарат беріп отырды. Елдегі жүргізілген вакцинациялау шаралары мен профилактикалық жұмыстар індетпен күресіп, елдегі жағдайдың асқынуына жол бермеді.
2022 жылдың тамыз айынан бастап барлық өңірлер жасыл аймақта болғанымен, тек 6 мамыр күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адан Гебрейесус Женевадағы брифинг барысында әлемдегі COVID-19 пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай режимінің аяқталғанын ресми түрде мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар комитеті өзінің 15-ші кездесуін өткізіп, маған халықаралық алаңдаушылық туғызатын денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың аяқталғанын жариялауды ұсынды. Мен бұл ұсыныспен келістім, — деді ол.
Нәтижесінде 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылған пандемиядан 19 мың науқас қайтыс болды.
Стандарттар жаңартылды
Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы бірнеше стандарттарға өзгерістер енгізді. Енді қант диабетімен ауыратын пациенттерге арналған диабеттік табан, диабеттік ретинопатия кабинеттерін, қант диабеті мектептерін жабдықтау реттелмек.
«Қазақстан Республикасында эндокринологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» стандартында алғаш рет 2 типті қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдерін қолдану ұсынылған.
Сондай-ақ кезекті жаңартылған стандарт негізінде инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмекті меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлерде медициналық ұйымдар көрсетеді.
Ал хирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартында стационарлық жағдайларда хирургиялық көмек көрсетуді өңірлендіру көзделген. Қазіргі таңда осы стандартқа сай Елордада бірнеше хирургиялық көмек көрсететін орталықтар жұмыс жасап тұр.
Алғашқы…
Биыл медицина саласында алғаш жасалған бастамалар көп болды. Соның бірі Алматыда тізе және жамбас буындарын ауыстыру бойынша Робот операцияға қатысты. Бұл тек Қазақстанда ғана емес Орталық Азияда өткен алғашқы операция. Операция ортопедия саласындағы танымал сарапшы Мирамбек Жұмағұловтың және Ресейлік дәрігер Алексей Андреевич Шумскийдің қатысуымен жасалды.
Робот операцияға дейін жасанды буынның 3D жоспарлауын орындап, импланттың оңтайлы мөлшерін, оны орнатудың нақты орнын таңдайды. Дәрігерлер роботты қолданудың арқасында операция жоспарлау кезеңінде жоспарланғандай жүзеге асырылатынын айтады.
Тағы бір жаңалық, Қазақстанда ергежейлі балаларға алғаш рет сүйектің өсуіне арналған препараттар енгізіле бастады.Жаңа препарат «Ақсай» клиникасының базасында Шымкент, Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Атырау облыстарындағы 10 балаға енгізілді. Дәрігерлердің айтуынша 1 жыл уақыт ішінде балалардың аяқ-қолдары шамамен 5 сантиметрге өседі. Бұл клиника Қазақстанда осындай емдеу жүргізілетін бірінші және жалғыз орталық.
Сондай-ақ ісіктерді емдеуге арналған цифрлық қондырғы пайда болды. Бұл медицина саласы қол жеткізген жетістіктердің бірі десек те болады. Жаңа жүйе пациенттердің тыныс алуын бақылайды және оның тыныс алу қозғалыстарына сәйкес сәулелердің бағытын автоматты түрде реттей алады. Бұл ісіктің орналасуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде 100-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр.
Жыр болған МӘМС
Үкімет сағатында мәжіліс депутаттары бір емес бірнеше рет мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы министрлікке сауал тастаған болатын. Мысалы депутат Ерлан Сайыров елімізде 3,3 млн ауыл тұрғыны МӘМС-ке тіркелмегенін айтқан еді.
Міне осы 3,3 млн адам жылда скрининг, медициналық тексеруден өтпейді деген сөз. Яғни бұл елімізде жылдан-жылға әлеуметтік әділетсіздік асып бара жатыр деген сөз. Елімізде теңсіздік жоқ, — деді ол өз сөзінде.
Ал депутат Ринат Зайытов:
Адам өліп жатыр ауылда. Жедел-жәрдем келмейді. Сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді. Осыны жүйелегенше, дайындап қалпына келтіріп алғанша тоқтата тұруды сұраймын. Өйткені мұның халыққа қатты зардабы тиіп жатыр,- деп МӘМС қызметін уақытша тоқтатуды ұсынды.
Мәжіліс жалпы отырысында Асхат Рақымжанов та, Нартай Аралбайұлы да жүйенің жұмыс істеуіне сын айтты. Дегенмен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл жүйенің медицинамызды дамытуға мүмкіндік береріне сенімді.
Медицина көмегі бүгінде қолжетімді, оңалту көмегін алады. Бұрын ол белгілі бір аурулар бойынша ғана шектелетін. Қазір тіпті азаматтарымыз санаторийлерде медицина көмегін алып, оңала алады. Қымбат көмек қолжетімді болды. 2 миллионға жуық адам тегін дәрі-дәрмек алды, қазір олардың саны 4 миллионға жетті. Орфандық қымбат препараттар қолжетімді болды. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында біз бүгінде халықтың денсаулығын жақсарттық,-деді министр.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде сөз алған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихта алғаш рет 74,4 жасқа жеткенін айтты.
2022 жылы МӘМС жүйесі әлі енгізілмеген 2019 жылмен салыстырғанда жалпы өлім-жітім 8,8%-ға төмендегенін атап өту маңызды. Бұл оң өзгерістер сақтандыру медицинасын енгізудің халықтың денсаулығына жағымды әсерін және өлім-жітім деңгейінің төмендеуін көрсетеді, — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, денсаулық сақтауды қаржыландыру серпіні туралы сөз етті.
МӘМС пакетінде консультациялық-диагностикалық қызметтерге жұмсалған сомалар ағымдағы жылы 25 млрд. теңгеден 364 млрд. теңгеге дейін өссе, жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жұмсалған шығыстар 24 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге дейін өсті. Осылайша, еліміздің бір тұрғынына денсаулық шығындары 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайды, — деді ол.
Жиырма миллионыншы қазақстандық
Мемлекет қашанда ана мен бала денсаулығына жіті ықтияттылықпен қарайды. Биыл да ана мен бала денсаулығы назардан тыс қалмады.
Соңғы бес жылдың ішінде халық саны 8,8%-ға өссе, балалардың саны 6,6 млн.-ға жеткен. Елімізде 250 босандыру ұйымы, 39 перинаталдық орталық бар. Онда ана мен бала денсаулығын күтетін терапия мен реанимацияның заманауи технологиялары қолданылады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше биыл елімізде 360 мыңнан астам бала дүние есігін ашқан. Оның ішінде 14 қарашада дүниеге келген 5 сәби еліміздің жиырма миллионыншы азаматтары атанды. Олар Ұлытау, Атырау, Түркістан, Жетісу және Ақмола облыстарында дүниеге келген. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Негізінен статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде бала туу деңгейі 2019 жылдан бері өсіп, ең жоғарғы көрсеткішке 2021 жылы жеткен. Яғни сол жылы 446 мың бала дүние есігін ашқан.
Биылғы жылдың деректерінше, 9 айда дүниеге келген 291 мың адам, яғни халықтың табиғи өсімі 194,8 мың адамды құрап отыр. Бұл орташа есеппен бір айда 22 мың адам немесе күніне шамамен 750 адам дүниеге келеді деген сөз, — деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев.
Жыл қорытындысы бойынша елімізге 6404 адам көшіп келген. Бүгінде халықтың ең көп саны Түркістан облысында – 2,1 млн, Алматы облысында – 1,5 млн, Жамбыл облысында 1,2 млн тұрады.
Сондай-ақ, 2021 жылы бастауын алған «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде бүгінге дейін 8 мың әйел жүкті болып, 5000-нан астам сәби дүниеге келген.
Саламатты Қазақстанның жетістігі
Алыс-жақын ауыл тұрғындарын медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарға аттанады. Бұл 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жэатқан жоба. Ағымдағы жылы 26 сәуірден бастап пойыз іске қосылып, 17 облыстағы 121 шалғай станцияны аралап шықты.
Биыл мамандар 98 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетті. Оның ішінде 19 222- бала. Бұл жоба барысына 35 кәсіби маман тартылған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева айтты.
Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 590 млн теңге қаржы бөлінді. Биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлері жүргізілді, – деді қор басшысы.
Жыл соңында қызылшамен күрестік
Жыл соңында халық тағы да қоршаған ортадан қорғанды. Оған себеп ауа арқылы тарап, адам ағзасына түсетін қызылша инфекциясының шарықтауы.
2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылшаның 20 188 жағдайы тіркелген.
Оның 81%-ы — 14 жасқа дейінгі балалар, ал 3,4%-ы жасөспірімдер, 15,4%-ы – ересектер арасында. Бүгінде қызылша Қазақстанның барлық аймағында тіркелген.
Жоғары деңгей – Шымкент қаласында байқалады. Мұнда 3069 дерек тіркелді, қаласында – 3010 жағдай, Жамбылда – 2724 жағдай, Маңғыстау облысында – 1701 жағдай, Алматыда – 1812 және Атырауда– 1377, Ақтөбеде– 1485, Қызылорда облыстарында – 1182 жағдай тіркелген. Күн сайын республика аумағында қызылшаның 350 — ге жуық жағдайы тіркеледі және негізгі сырқаттанушылық вакцина алмаған адамдарға тиесілі, – деді «Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Манар Смағұл Орталық коммуникациялар алаңында.
Көрсетілген цифрларға қарап инфекциямен мектеп оқушыларының көп ауыратынын байқаймыз. Сонымен еліміздің 643 мектебінде қызылшаның 1466 жағдайы тіркелген екен. Ал 827 балабақшада 1662 жағдай тіркеліп отыр.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинациялау екенін айтқан еді. Республика бойынша ауру балалар арасында вакцинацияланбаған балалардың үлесі 83,6% -ды құрады. Сондықтан бүгінде еліміздің барлық өңірінде 1-6 жас аралығындағы балаларды вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 223 402 адам, оның ішінде 6-11 айлық (71 075) балалар, 2-5 жастағы (111 655) балалар вакцинацияланды.
Қорытынды
Ескі жылға өкпем жоқ, келер жылдан үмітім көп деуші едік қой әрдайым. Қоян жылы денсаулықтың қадірін ұқтырып, басты назарды өзіне бұруды үйретті. Есік ашар ұлу жылынан үмітіміз көп-ақ. Ең бастысы деніміз сау, ауру-сырқаудан аулақ болып, жаңа жылда жағымды жаңалықтар көп болсын деп тілейміз.