Шымкент: қала әкімі мәдениет нысандарының жұмысын жүйелеуді тапсырды

0

Биыл А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасына 125 жыл толады. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кітапханаға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Озық үлгіде 2022 жылы жаңғырған нысанда бүгінде оқырмандарға заманауи талапқа сай ақпараттық-библиографиялық, мәдени-ағартушылық қызметтер көрсетіледі. Мұнда 11 құрылымдық бөлімше мен оқу залы, абонемент, өнер, көрме залдарымен қатар  американдық бұрыш, кофехана жұмыс істейді. Қазіргі таңда кітапхана оқырмандар үшін жайлы, бос уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін эстетикалық мәдениетті қалыптастыратын ортаға айналған.

Қызмет сапасына оң баға берген қала әкімі кітапхана басшылығына электронды жүйені жетілдіруді тапсырды. Тиісті басқарма қызметкерлеріне ғимараттың жертөлесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру бойынша тапсырма жүктеді. Әкім тапсырмасы аясында кітапхананың 125 жылдығына орай мамыр айында ауқымды іс шаралар кешені ұйымдастырылады.

Ғабит Әбдімәжитұлы Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында да болды. Орталықта бүгінде тілдерді оқытуды ұйымдастырумен қатар, әдістемелік құралдар шығару, мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен түрлі коммерциялық ұйымдарда мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізу бағытында жұмыстар атқарылады.

Жылдан жылға тіл үйренушілер қатарының артуына байланысты бүгінде мұнда орын тапшылығы сезілуде. Осыны ескерген қала басшысы жауаптыларға ғимаратты кеңейту бойынша тиімді шешімдер қабылдауды тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ