Түркістан: самбодан облыс чемпионаты аяқталды
Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде самбо күресінен 2004-2005 жылы туған спортшылар арасында Түркістан облысының чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысқа жалпы 100-ге жуық балуан қатысып, боз кілемде тартысты белдесулер өткізді. Облыстың аудан-қалаларынан іріктеліп келген самбошылар арасындағы бәсекеде ұлдар 8 салмақ дәрежесінде, қыздар 8 салмақ дәрежесінде күресті.
Жарыс нәтижесінде қыздар арасында Түркістан облысының Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бұрымдылары командалық есепте І-орынды иеленсе, Кентау қаласының арулары ІІ-орыннан көрінді. Сонымен қатар, ұлдар арасында да облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өрендерінің мерейі үстем болып, командалық І-орынды еншілесе, ІІ-орынды облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің самбошылары алды. Ал ІІІ-орын Шардара ауданының құрамасына бұйырды.
Ел біріншілігінде жүлде алған үздіктер республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы алғыс хаттар және медальдармен марапатталды.