Ұлыбританияда қазақ-ағылшын сөздігі таныстырылды
ҰЛЫБРИТАНИЯ. KAZINFORM — Оксфорда қазақ-ағылшын сөздігінің тұсауы кесілді. Осылайша ана тіліміз әлемдегі ең танымал сөздік желісіне еніп, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылып отыр, деп хабарлайды Kazinform-ның Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің баспасы өз сөздіктерін 150 жылдан бері шығарып келеді. Содан бері баспа үйі ірі-ірі тілдерді біріктіретін алып платформаға айналды. Қазақстандық тарап алғаш рет бұл бастаманы осыдан 4 жыл бұрын қолға алған.
“Ұлттық аударма бюросымен бірлесе тығыз жұмыс істеп, тұңғыш қазақ сөздігін басып шығардық. Осы жобаның бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің миссиямыз тілге қатысты деректерді өндіру және тарату. Әріптестігіміздің арқасында дегенімізге жеттік деп ойлаймын”, дейді Оксфорд университеті баспасының өкілі Саские Брюске.
“Жалпы алғанда екі жақтан 50 шақты маман жұмыс істеді. Биыл таныстырып жатырмыз. Бұл сөздік ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен жасалып отыр. 10 мың данамен таралып еліміздің барлық оқу орындарына жетіп жатыр”, дейді “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Әдістеме, технология, сөздің реестрі Оксфорд сөздіктерінің талаптарына сай жасалды. Ағылшын тіліндегі лексикасы мен методикасына Оксфорд университетінің баспа ісі араласса, қазақ тіліндегі бөлігіне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты үлес қосқан. Тұсаукесерге жергілікті академиялық орта, студенттер қауымы және қазақстандық өкілдер қатысты.
“Өте үлкен абырой біз үшін. Енді цифрлық нұсқасын, электрондық нұсқасын даярлауға біздің министрлік көмектеседі, бірден кіріседі. Біздің Тіл саясаты комитетінің нақты тапсырмасы, нақты бағыты бар”, дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
“Оксфорд деген кезде ойға бірінші не келеді деп 10 адамнан сұрасаңыз олардың 9-ы сөздік деп айтар еді. Сондықтан да Оксфорд қазақ-ағылшын сөздігінің әлемге жол тартуы өте маңызды. Қазақ тілінің халықаралық статусын мойындатудағы, тәуелсіздігіміз бен ұлттық бірегейлігімізді танытудағы керек қадам”, дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.
Қазақ тілі ғылым және технология тіліне айналуы керек. Сөздіктің осы бағытта берері мол. Терминологиямен айналысатын мамандардың жұмысы жетілдіріліп, ұлттық лингвистикалық корпус пысықталады. Білім мен ғылымды дамытып, әлемге паш ететін түрлі жобалар дүниеге келеді деген зор үміт бар.