Түркістан облысында биыл 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі
Биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында аймақ басшысына тұрғын үй туралы соңғы мәліметтер баяндалды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған.
Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты.
Өткен жылы 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп нәтижесінде, 76 пәтердің иелері анықталған. Ал қалған 125 пәтер сатылымға шығарылды. 36 пәтер кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады. Биыл құрылыс бөлімі тарапынан 2023 жылға жаңадан тұрғын үйлер құрылысы бойынша жоба әзірленіп, Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 800 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Жиналыста тұрғын үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы мониторинг тобы құрылып, ақаулық актісі түзілгені жайлы да аталып өтті. Қазіргі таңда көрсетілген кемшіліктердің біршама жұмыстары орындалып, мерзімінде қалпына келтірілмегендерін бақылау жөніндегі басқармаға шара көруге және Түркістан облысы экономикалық сотына талап-арыз жолданды.
2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыс әкімі тұрғын үйлердің құрлысы туралы соңғы мәліметтермен танысып, жауапты басшыларға құрлысты белгіленген кестеге сәйкес, сапалы аяқтауды тапсырды.