Педофил, әйелін ұрып-соғу, бала өлтіру: Аймағамбетов заң қалай қатаңдатылатынын түсіндірді
Елімізде әйелдер мен балалардың құқықтары қалай қорғалады? Әйелін ұрғандарды заңда қандай жаза күтіп тұр? Бала зорлағандар қандай жазаға лайық? Депутаттар заңға қандай нормалар енгізуді ұсынып отырғанын BAQ.KZ шолуынан оқи аласыз.
Мәжіліс жақында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасы және «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» іліспе заң жобасын жұмысқа алған болатын.
Заңның мақсаты неде?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заң жобасының негізгі мәнін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен берген тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Негізі бұл заң жобасын 2023 жылы көктемде дайындай бастадық, кейін күзде қазан айының басында Үкіметке қорытынды алуға жібердік. Күзден бастап Үкімет, Бас прокуратура және басқа да мемлекеттік органдар дайындаған заң жобамызды қарап, соған қорытынды дайындады. Енді міне дайындаған заңымызға қорытынды келді. Ұсынған нормаларымыздың басым көпшілігі қолдау тапты. Сондықтан енді оны ресми түрде жұмысқа алып, жұмыс тобын құрып, осы нормалар бойынша нақты жұмысты жүргіземіз, — деді депутат.
Негізгі мақсат – әйелдер мен балалардың, жалпы азаматтарымыздың құқығын қорғау.
Ең басты норманың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі. Мысалы, бір адам екінші адамды ұрып-соқса, денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе, онда ол қазіргі Әкімшілік кодекске сәйкес жауапқа тартылады. Ал енді біздің ұсынып отырған нормамыз оны Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске көшіру. Яғни криминизациялау. Сонымен бірге зорлық-зомбылық пен ұрып-соғуға жауапкершілікті арттыру көзделіп отыр. Бұл жерде ескеретін дүние бар. Яғни бұл тек әйелдерге ғана емес, азаматтардың барлығына қатысты болады. Егер көшеде кетіп бара жатқан бір адамды екінші бір азамат ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, онда ол Қылмыстық кодекстің аясында жауапқа тартылады, — деп түсіндірді мәжілісмен.
Аймағамбетов жедел жәрдем шопыры жәбір көрген оқиға жайлы да айтты. Енді норма осындай фактілерге де қатысты болмақ.
Егер өзінің жақындарын ұрып-соғу фактілері болса немесе азамат өз қызметкерін атқарып жүргенде, онда санкция одан сайын қатаяды деген норма бар. Біздің ойымызша, бұл өте маңызды норма. Өйткені дәрігерлерге және басқа да қызметкерлерге, отбасы мүшелерін сұрып-соғуға қатысты фактілер көбейіп кетті, — деп айтты ол.
Мәжіліс депутатының сөзінше, яғни бұл норма тек әйелдерді ұрып-соққанда ғана емес, жалпы бір адам екінші адамның денсаулығына зиян келтіру фактілерінің алдын алуға бағытталған норма.
Педофилдер өмір бойы түрмеде отырады
Аймағамбетов педофилия бойынша нормада не көзделгенін түсіндірді.
Қазір 20 жыл деген санкция болса, енді біз ұсынып отырған екі мәселе бар. Ол — педофилдерді өмір бойы қамау. 15 жыл, 20 жыл деген болмауы керек. Оларды біз өмір бойына қамауымыз керек. Екіншіден, нәрестелерді өлтірген фактілер болса, онда қазір 20 жыл бас бостандығынан айырылады. Біздің ойымызша, мұндай фактілер бойынша да жауапкершілікті қатаңдатуымыз керек. Біз 20 жыл емес, оларды өмір бойына қамауды ұсынып отырмыз, — деп айтты депутат.
Суицидке итермелегендер мен мүгедектердің құқығын таптағандар да жазаланбақ
Мәжіліс депутаттары тағы бір маңызды норманы заңға енгізбекші. Ол – өз-өзіне қол жұмсау фактісіне қатысты.
Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, өз-өзіне қол жұмсауды жарнамалаған фактілер болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» деген болды. Міне осындай кейстерді қазір жауапқа тарту қиын. Енді осындай жарналамалар арқылы өзіне қол жұмсауға итермелегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Енді суицидке итермелеудің басқа да фактілеріне қылмыстық жаза қарастырып жатырмыз, — деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Ол балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру норма да ұсынылып отырғанына назар аударды.
Жазда Қарағанды қаласында медициналық-әлеуметтік мекемеде факті болды. Онда мүмкіндігі шектеулі, жағдайы қиын азаматтар жатады. Олар өзінің құқығын қорғай алмайды. Сонымен бірге балалар үйі, интернаттар бар. Қазір Кәсіпкерлік кодексі бойынша оларға тексеріспен баратынымызды бір жыл бұрын айтуымыз керек. Демек біз оларды кез келген күні барып тексере алмаймыз. Сол себепті біз маңызды мәселені енгізіп отырмыз. Енді осындай ұйымдарды алдын ала ескертпей-ақ аяқ астынан барып тексеріп, шара қолдануға болатын норманы енгізіп отырмыз, — деп толықтырды Аймағамбетов сөзін.
Сонымен қатар депутаттар осындай мекемелерді ашу үшін алдымен лицензия алу мәселесін де көтеріп отыр. Демек оларға қойылатын талаптар күшейтіледі.
Алдыңғы жылы балалар жазғы лагерьлеріне қатысты сұрақтар болды. Енді депутаттар жазғы лагерьлерді лицензиялау арқылы ашу нормасын ұсынып отыр. Себебі лагерьлердің сауналарда, моншаларда ашылған фактілері тіркелді. Сондықтан жазғы лагерьлерге нақты талаптар қойылуы керек. Депутаттар ұсынып отырған норма бойынша енді талапқа сай лагерьлер ғана балалармен жұмыс істейді.
Сотқа жаңа құзырет беріледі
Сотқа жаңа құзырет беріп отырмыз. Мысалы, соттоң егер бір азаматтың агрессивті мінез-құлқын өзгерту керек деген шешімі болса, онда сот тиісті қаулы қабылдап, азаматтың мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық көмек көрсетуді міндеттей алады, — деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Енді баланы автобустан ешкім шығарып жібере алмайды
Кәмелет жасына толмаған балаларды, әсіресе кішкентай оқушыларды (1-сынып, 2-сынып балаларын – авт.) автобустардан, басқа да көліктерден шығарып жіберетін факті бізде көп. Қыста аязды күндері олар тоңып қалады. Мысалы, алдыңғы жылы Қарағанды қаласында және басқа да қалаларда осындай жағдай болды, — деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, депутаттар заңға жаңа норма енгізіп отыр.
Егер 16 жасқа дейінгі баланың жанында ересек азаматтан ешкім болмаса, онда оны автобустан шығарып жібере алмайы. Оған ешқандай мүмкіндік берілмейді. Сол себепті балалардың құқығын қорғайтын осындай қосымша нормаларды да қарастырып отырмыз, — деп түсіндірді мәжілісмен.
Демек заң жобасында мынадай нормалар болады:
- ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді, қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және жазасын әлдеқайда қатаңдату;
- жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру.
- отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру.
- педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру;
- суицидты насихаттағаны немесе суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
- балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды.