«Самұрық-Қазына» тобының қарызы қанша

Бүгін Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қанша қарызы бар екенін айтты.
– Жалпы, «Самұрық-Қазына» тобы бойынша қарызымыз 10 трлн теңгеден астам. Бұл – біз үшін ыңғайлы деңгей. Себебі, біз ең алдымен ковенанттарды дұрыс сақтап жүрміз. Екіншіден, біздің бүкіл қаржылық коэффициенттер және ковенанттар жасыл аймақта, — деді қор басшысы.
Сонымен қатар ол құрамына кіретін компаниялардың шамамдан тыс қарызы жоқ екенін баса айтты.
– Бәрі жасыл аймақта. Біз бұл мәселені арнайы бақылауда ұстап отырмыз. Жаһандық тәжірибеге сәйкес, барлық қаржы институты, компаниялар өндірістік бағдарламаларын іске асыру үшін қарыз тартады, — деді Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн жоғары деңгейде келіссөздер өткізеді.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Астана әуежайынан қарсы алған еді.
Мәртебелі мейман мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары алып жүрді.