Жедел респираторлық инфекция жұқтырғандар азамай тұр
Павлодар облысында жедел респираторлық инфекция жұқтырғандар азаймай тұр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы 411 мыңнан астам дерек тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша облыста А немесе H3N2 штаммды тұмау жұқтырудың 63 оң нәтижесі анықталды. Жұқтыру деректері Май және Баянауыл аудандарынан басқа аймақтарда байқалды.
Фактілердің басым бөлігі ересек тұрғындар арасынды тіркеліп отыр. 14 жасқа дейінгі балалар ішінде 26 дерек белгілі болды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмау емес вирустар бойынша 1433 үлгіден сынама алынды. Нәтижесінде 93 оң үлгі анықталып, парагрипп, метапневмовирус, риновирус, боковурус және маусымдық коронавирус сияқты ауру түрлері анықталды, — дейді Зәмзәгүл Дощанова.
Дәрігерлер маусымдық вирустармен күресудің ең тиімді жолы екпе салдыру екенін еске салады. Сонымен қатар, жеке бас гигиенасын сақтап, дене шынықтырумен айналысу маңызды. Ресми мәлімет бойынша облыста 92 мыңнан астам тұрғын вакциналаудан өтті.
Жергілікті бюджет есебінен 14 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер, жабық мекемелердегі адамдар мен қарттар үйінің тұрғындары тегін екпе алуға құқылы. Жергілікті өндіріс ошақтары жұмыскерлерін иммундау шараларымен өз қаражатына қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, эпидемиологиялық маусым басталғалы 800-ге жуық адам қызылша жұқтырған. Жаңа деректер күнбе күн тіркеліп жатыр. Мамандардың айтуынша, қаңтар және ақпан айларында өткен жылдың көрсеткіші тіркелген. Кәсіпорындар екі мыңнан астам қызметкеріне тегін екпе салып берген.