Қазақ тілі, жылқы еті мен музыка: Жапония елшісі қазақ-жапон қатынасы жайлы айтты
Бүгінде Қазақстан мен Жапонияның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жылдан асты. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада қазақ-жапон қарым-қатынасы жайлы әңгімелеп, алдағы жоспарлары жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жапония дипломаты Джун Ямада Қазақстанға 2021 жылы дипломатиялық миссиямен келген.
— Елші мырза, әңгімемізді Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас қалай дамып жатқаны жайлы сұрақтан бастасақ…
— Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жылдан аса уақыт болды. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді. Біз бұл байланысты стратегиялық әріптестік деп атаймыз. Өздеріңіз білетіндей, коронавирус тарап, пандемия болғанда өзара қарым-қатынас тоқтап қалған еді. Бірақ былтырдан бері екі ел арасындағы кездесу қайта жандана түсті.
Екі елдің Сыртқы істер министрлері бір-бірлеріне, яғни Жапонияның СІМ басшысы Қазақстанға, ал Қазақстанның СІМ басшысы Жапонияға іссапармен болды.
Алдағы жоспарға тоқталатын болсақ, қазіргі уақытта Жапония Премьер-министрінің Қазақстанға келуі талқыланып жатыр.
Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты одан әрі күшейте түскіміз келеді.
— Елдеріміз білім саласында серіктестік орнатқан. Бүгінде Қазақстанда білім алып жатқан жапон студенттері және керісінше Жапонияда білім алып жатқан қазақстандық студенттерінің саны қанша?
— Елшілік Қазақстанда тұратын жапондықтарды кәсібі бойынша тіркемейді, тағы Қазақстанда 1-2 жыл болып, тіркеу жасамайтын жағдайлар да кездеседі, алайда, Алматыда тұратын жапондықтардың айтуынша, қазіргі уақытта ондаған (шамамен 30-40) жапон студенттері қысқа немесе ұзақ мерзімге оқуға келген. Олардың көбі алмасу бағдарламалары бойынша немесе тіл үйрену үшін келген.
Жапонияда тіркелген қазақстандықтарға келсек, шамамен 250-ге жуық студент бар. Олардың көбі жапон тілі мектептерінде оқиды. Жыл сайын шамамен 5-6 студентті (бакалавриат, магистратура, докторантура) Жапония Үкіметінің стипендиялық бағдарламасы арқылы оқуға түседі. Осы стипендиялық бағдарлама бойынша 30-40 шақты студент Жапонияда білім алып жатыр. Қалғандары, Жапонияда алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттер, жапондық мемлекеттік мекемелерден шәкіртақы алып оқитын студенттер (Жапония Үкіметінің стипендиялық бағдарламасынан бөлек) және қысқа мерзімге жапон тілін меңгеруге келгендер.
— Екі ел арасындағы тауар айналымы бүгінде қандай көрсеткішке жетті? Жапониядан Қазақстанға көбіне қандай тауарлар экспортталады?
— Мысалы, Астананы алып қарасақ, жапондық көліктердің көп екенін байқаймыз. Одан бөлек, электр тауарлары, түрлі техникалар Қазақстанға экспортталады.
Негізі Жапониядан Қазақстанға емес, керісінше Қазақстаннан Жапонияға экспортталатын тауарлар саны көп. Қазақстан — табиғат ресурстарына бай ел болғандықтан, шикі мұнай, алтын және басқа да шикізат көздері экспортталады. Соңғы кездері жылқы еті де Жапонияға жіберіле бастады.
Жапонияда көбіне әйелдер қазақстандық жылқы етін жақсы көреді. Олардың ойынша, жылқы еті денсаулыққа пайдалы. Сондай-ақ оны жеген әйел одан сайын әдемі бола түседі деген пікір бар.
— Екі ел арасындағы әуе рейстерінің саны қанша? Жаңа рейстер ашыла ма?
— Қазіргі уақытта Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасын қайта іске қосу мәселесі бойынша соңғы талқылаулар жүргізіліп жатыр. Егер биыл ашылмаса, келесі жылы әуе бағыты ашылуы мүмкін. Ол Алматы мен Токио арасындағы тікелей рейс болады. Егер талқылаулар жемісін беріп, жүзеге асатын болса, екі ел үшін бұл жақсы жаңалық болар еді.
Әуе қатынасы ашылса, екі елдің азаматтары бір-біріне жиі саясаттау мүмкіндігі бірнеше есе көбейе түсер еді. Сонымен бірге бұл екі ел арасындағы бизнеске де жағымды жаңалық болары сөзсіз.
Пандемияға дейін Астана мен Токио арасында тікелей рейстер болған. Кейін карантин басталғанда ол тоқтап қалды.
— Елші мырза, әңгіме барысында Қазақстанда 3 жылдай уақыт дипломатиялық миссияңызды атқарып жүргеніңізді айттыңыз. Осы уақыт аралығында қазақ пен жапон халқының ұқсастықтарын байқадыңыз ба? Қазақстан елші мырзаға несімен ұнайды?
— Әлемде 200-ден аса мемлекет бар. Соның ішінде қазақтар мен жопандар бір-біріне өте қатты ұқсайды. Мысалы, сіз Жапонияға барсаңыз, сізді жапондық деп ойлап қалады. Сырт келбеті ғана емес, сонымен бірге ішкі жан дүниесі де ұқсайды деп ойлаймын.
Қазақстан — территориясы бойынша үлкен мемлекет. Ал Жапония кішкентай аралды мемлекет. Бірақ тарихқа көз жүгіртетін болсақ, онда ұқсастықтар көп деп ойлаймын.
Елдеріміздің тағам мәдениеті, музыкасы әртүрлі. Бірақ қазақтың ұлттық тағамының дәмін татып, музыкасын тыңдасаңыз, бірден жақсы көріп кетесіз. Елшілікте домбыра тарта алатын жапондық дипломат бар. Ол қазақстандықтармен бірдей деңгейде домбыра шерте алады десем артық болмайды.
Жапонияда “сямисэн” деп аталатын ұлттық аспап бар. Ол домбыраға ұқсас. Алматыда сямисэнде ойнай алатын қазақстандық азамат бар. Ол да сямисэнде кәсіби деңгейде ойнай алады.
— Джун Ямада мырза, әлеуметтік желілерде сіздің қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың әнұранын музыкалық аспапта ойнап жүргеніңізді көрдім. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Қайдан үйреніп жүрсіз?
— Иә, қазақ тілін үйренуге талпынып жүрмін. Бірақ мен үшін қазақ тілін үйрену өте қиын. Елшілікте жапон тілінде сөйлейтін қазақстандықтар бар. Ол әріптестерімнен де қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп жүрмін. Жалпы Қазақстанда бірнеше тілде – қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде сөйлейтін азаматтар өте көп.
— Елші мырза, уақыт бөліп, сұрағыма жауап бергеніңізге алғыс айтамын.