Қытайдың қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуға сұранысы артқан
Қытай қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға мүдделі, деп хабарлайды BAQ.KZ АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Тараптар қос мемлекет арасындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Министр ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі екенін, бұл елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасына оң серпін беретінін атап өтті. 2023 жылы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 1,3 млрд доллардан асты.
Сонымен қатар соңғы жылдары Қытай халқының органикалық және экологиялық таза қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуға сұранысы артқан. Өткен жылы аспан асты еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2 есеге өсіп, 1,01 млрд долларды құрады.
Қытай нарығы да қазақстандық астықты экспорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біздің жыл сайынғы жеткізу көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігіміз бар, — деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылық министрі Чжан Сяодан ағымдағы жылы тауарлардың жаңа түрлерін экспорттау жөніндегі екіжақты құжатқа келісу мен қол қоюды жеделдетуге жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл – салқындатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері, қосымша өнімдер, қызылша және картоп өнімдері.
Сондай-ақ Айдарбек Сапаров Қытайға экспорттау үшін мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін жаңа қазақстандық кәсіпорындарды аккредиттеу мәселесін шешуде де елшінің көмегі қажет екендігін жеткізді.
Айдарбек Сапаров Қытай Үкіметіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын тексеруге арналған зертханалық жабдықтарды беруге келіскені үшін алғысын білдірді. Қазақстан Қытай тарапымен бірлесіп, оны елге тезірек жеткізу мақсатында жабдықты беру тетіктерін талқылауға дайын.
Сонымен қатар АШМ басшысы қытайлық кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіру және терең өңдеу, оның ішінде өндірістік кооперация қағидаттары бойынша бірлескен жобалар ұйымдастыруға шақырды.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі бірлескен жұмыс үшін жағдай жасайтын болады.
Өз кезегінде Чжан Сяо министрге Қытай Қазақстаннан ет, астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз импорттауды қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Қытай нарығының көлемін ескере отырып, Қазақстаннан келетін импортты ұлғайтудың мүмкіндігі зор екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, ҚХР АӨК саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетті құру жөніндегі жұмысты бақылауға алуды ұсынады. Платформа тұрақты негізде бірлескен сапарларды ұйымдастыруға және ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері бойынша ҚР және ҚХР уәкілетті ведомстволары арасында тұрақты тікелей байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Жарғының жобасы әзірленді және Қытай тарапы оған мамыр айында Қазақстанда өтетін ШЫҰ-ға қатысушы елдер министрлерінің кеңесінде қол қоюды ұсынды. Чжан Сяо сонымен қатар СҚО-да жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи ет комбинатын салу туралы ұсыныс жасады.
Кездесу соңында қос тарап келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.