Асхат Аймағамбетов Президент көтерген бес мәселені атады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президенттің көтерген мәселелеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында бірнеше маңызды бастамалар көтерілді. Мемлекет басшысының келесі 5 бастамасына айрықша тоқталғым келеді. Сондай-ақ бұл бағытта заңнамалық өзгерістер қажет болады, — деді депутат.
Асхат Аймағамбетов 5 мәселені ерекше атап өтті.
Біріншіден. Археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру. Өзім тарихшы болғандықтан, бұл проблеманы жақсы білемін. Әсіресе, «қарақшы-археологтар» мәселесі өткірлеу болып тұр. Бұл бағытта заңды жетілдірумен қатар, ведомстволар арасындағы саланы басқару бойынша проблемаларды да шешу қажет. Бұл мәселеге бір министрлік жетекшілік ету керек. “Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз қажет. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешілмеген түйткілдер бар… “қарақшы-археологтар” мәселесі де бар. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет”.
Екіншіден. Нашақорлықпен күрес қандай маңызды болса, құмар ойынға берілген азаматтардың проблемасы да сондай маңызды. Осы мәселені шешу үшін біз арнайы заң жобасымен жұмыс істеудеміз. “Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. AMANAT партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастарды құмар ойынға беріліп, арзан табысқа ұмтылуға жол бермеуіміз керек”.
Үшіншіден. Кітап оқу мәдениетін дамыту және оқуға құштар ұлт болу бәсекеге қабілетті болуымыз үшін аса маңызды. Осы тұрғыда білім саласында “Оқуға құштар мектеп” жобасын бастап едік. Мектептерге тек оқулықтар емес, көркем әдебиетті де сатып алу туралы заңға арнайы түзетулерді дайндадық. Оны заңнамаға енгізу керек. “Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда ғана біз кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқырманға қолжетімді болуы тиіс. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың басты жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек».
Төртіншіден. “Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыруымыз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, догма ретінде қабылдайтын және отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару керек”.
Бесіншіден. Вандализмге қарсы жазаны еселеп қатаңдату керек деп санаймын. Бұл бағытта депутаттарымыз тиісті түзетулерді дайындап, Үкіметке қорытынды алу үшін жіберді. “Вандализм – қоғамдық мүлікті және мыңжылдық мәдени мұраларды жаппай бүлдіру проблемасы. Өкінішке қарай, бұл кейінгі кезде әдетке айналған”.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткенін еске сала кетейік.